Қазақстан мен Халықаралық есеп айырысу банкі цифрлық активтер мен қаржылық инновациялар саласындағы ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Дүниежүзілік сауда ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев Халықаралық есеп айырысу банкінің Басқарушы директорының орынбасары Андреа М. Мехлермен кездесті.
Кездесу барысында Қайрат Төребаев Қазақстанның қаржылық тұрақтылықты нығайту және заманауи банк технологияларын дамыту саласында Банкпен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті. Ерекше назар цифрлық активтерді реттеу және орталық банктің қадағалау жүйесі салаларындағы тәжірибе алмасуға аударылды.
Сұхбатттастар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Астана халықаралық форумында жариялаған Қазақстанның «CryptoCity» пилоттық аймағын құру жөніндегі бастамасын талқылады. Бұл жоба өңірдегі тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу үшін криптовалютаны пайдалануға арналған алғашқы реттелетін алаң болмақ.
Андреа Мехлер Қазақстанның цифрлық активтерді реттеу тәжірибесіне қызығушылық танытып, осы салада сараптамалық ынтымақтастық орнатуға дайын екенін білдірді.
Кездесу соңында тараптар қаржылық тұрақтылық, цифрлық инновациялар және банк секторындағы халықаралық стандарттарды енгізу мәселелері бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін растады.