Қазақстан Вашингтондағы халықаралық алаңда өзін Орта держава ретінде танытты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашыкбаев америкалық «Special Competitive Studies Project» ой-талқы орталығы алаңында өткен Тұрақты болашақ форумы аясында өткен «Kazakhstan: An Emerging Middle Power in Central Asia» панельдік сессиясында сөз сөйледі. Сессия модераторы – Ұлыбритания Ішкі істер министрлігінің бұрынғы арнайы кеңесшісі Фиона Хилл болды.
Өз сөзінде Елші ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан өзін халықаралық тұрақтылық пен орнықтылықты нығайтуға үлес қосуға дайын проактивті Орта держава ретінде қарастыратынын атап өтті. Бұл ұстаным бұған дейін Астана халықаралық форумында нақты айтылған болатын, онда Қазақстан жаһандық диалог алаңы болуға әзір екенін растады.
Қазақ дипломаты дәстүрлі бағыттарға сенімді балама ұсына отырып, жаһандық жеткізу тізбегінің негізгі элементіне айналатын Орта дәлізді дамыту арқылы Еуразияның транзиттік хабы ретіндегі елдің рөліне ерекше назар аударды.
Сонымен бірге Е. Ашыкбаев АҚШ-пен стратегиялық серіктестікке арнайы тоқталып, Америка Құрама Штаттары Қазақстанның негізгі экономикалық және инвестициялық серіктесі болып қала беретінін атап өтті.
Сөзінің соңында Елші Қазақстан стратегиялық және экономикалық серіктестікті тереңдетуге дайындығын ғана емес, сонымен қатар диалог, реформалар мен консенсус үшін платформа бола отырып, неғұрлым тұрақты, интеграцияланған және әділ әлемдік тәртіпті қалыптастыру үшін жауапкершіліктің бір бөлігін өз мойнына алуға ниет білдіретінін атап өтті.
Іс-шараға сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы жауапты және сенімді серіктес ретіндегі өсіп келе жатқан рөлін атап өткен жетекші халықаралық сарапшылар, АҚШ мемлекеттік құрылымдарының, талдау орталықтары мен бизнестің өкілдері қатысты.