Шведия делегациясы Қазақстанда инвестициялар мен тұрақты даму перспективаларын талқылады

3080
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен Швеция сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің жолдарын талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Астанаға ірі іскерлік делегацияны басқарып келген Швеция Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің Сауда саясаты жөніндегі бас директоры Камилла Мелландермен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстан мен Швеция арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстар мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Министрдің орынбасары швед делегациясына соңғы жылдары Қазақстанда жүргізілген институционалдық реформалар мен әртараптандырылған әрі болашаққа бағытталған экономиканы құруға бағдарланған шаралар туралы айтты.

Осы тұрғыда Р.Василенко өнеркәсіп, «жасыл» технологиялар, орнықты даму, цифрландыру және инновациялар сияқты салаларда жетекші швед компанияларымен ынтымақтастықты жандандыруға мүдделілік білдіріп, Қазақстан мен Швеция арасындағы өзара сауда көлемін арттыру үшін күш-жігерін екі еселеуге шақырды.

Өз кезегінде К.Мелландер екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін жоғары әлеует бар екенін атап өтіп, тұрақты сауда, цифрлық трансформация, көлік және логистика, сирек жер металдарын барлау және өндіру салаларында іскерлік байланыстарды нығайту мен тәжірибе алмасуға жәрдемдесуге швед тарапының дайын екенін білдірді.

Тараптар Қазақстан мен Швецияда бизнес жүргізуге арналған жағдайларды жақсарту бойынша диалогты жалғастыру ниетін растады.

Кездесу өзара түсіністік пен ашықтық рухында өтіп, қазақ-швед сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын нығайту жолындағы кезекті қадам болды.

2024 жылы Қазақстан мен Швеция арасындағы тауар айналымы 327,4 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 27,7 млн, импорт – 299,7 млн). 2024 жылы Швецияның Қазақстанға тікелей инвестицияларының жалпы ағыны 47,8 млн долларға жетті, ал 2005 жылдан бері 675 миллион доллардан асты. Қазақстанда швед капиталының қатысуымен «Ericsson», «Scania», «Volvo» және басқа да компанияларды қоса алғанда 60-тан астам кәсіпорын тіркелген.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -