5 маусым күні кешке, АҚШ тарапының бастамасы бойынша Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мен АҚШ Президенті Дональд Трамп арасында телефон арқылы сөйлесу өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Си Цзиньпин өз сөзінде: «Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастар кемесінің бағытын дұрыс ұстау үшін біз оның штурвалын нық ұстап, дұрыс бағыт сілтеуіміз керек. Ең бастысы – әртүрлі кедергілер мен тіпті әдейі ұйымдастырылған бөгеттерді еңсере білу. Бұл – аса маңызды. Жақында, АҚШ тарапының бастамасымен, Женевада Қытай-АҚШ сауда-экономикалық мәселелері бойынша келіссөздер өтті. Бұл – тиісті мәселелерді диалог пен кеңес арқылы шешудің маңызды қадамы болды. Ол Қытай мен АҚШ қоғамында ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастықта оң пікір туғызды, диалог пен ынтымақтастықтың баламасыз екенін дәлелдеді», – деп атап өтті.
Екі тарап та қолданыстағы сауда-экономикалық консультациялар механизмін тиімді пайдаланып, теңдік рухында және бір-бірінің алаңдаушылықтарын ескере отырып, өзара тиімді нәтижеге қол жеткізуге тиіс. Қытай тарапы бұған шын жүректен кірісті, алайда өз қағидаттары шеңберінде әрекет етуде. Қытай халқы әрқашан уәдесінде тұрады және бастаған ісін соңына дейін жеткізеді. Егер консенсусқа қол жеткізілсе, оны екі тарап та сақтау керек. Женевадағы келіссөздерден кейін Қытай өзіне алған міндеттемелерді толық әрі байыппен орындады. АҚШ тарапы да қол жеткізілген нәтижелерге шынайы баға беріп, Қытайға қатысты теріс шараларды алып тастауы қажет.
Сондай-ақ дипломатия, сауда-экономика, әскери, құқық қорғау және өзге де салалардағы алмасуларды күшейтіп, өзара түсіністікті арттыру, түсініспеушілікті азайту және ынтымақтастықты нығайту маңызды.
Си Цзиньпин АҚШ-тың Тайвань мәселесіне байыппен қарауы қажет екенін ерекше атап өтті. Тайванның «тәуелсіздігін» жақтайтын өте аз ғана топ Қытай мен АҚШ-ты қақтығыс пен қарама-қайшылықтың қауіпті шегіне итермеуі тиіс.
Өз кезегінде Дональд Трамп ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге зор құрметпен қарайтынын білдіріп, Қытай мен АҚШ арасындағы қатынастардың аса маңызды екенін атап өтті. Ол АҚШ тарапынан Қытай экономикасының қарқынды және тұрақты дамуы құпталатынын, америкалық-қытайлық ынтымақтастықтың үлкен келешегі бар екенін айтты. АҚШ «Бір Қытай» саясатын қолдауды жалғастырады. Женевада өткен сауда-экономикалық келіссөздер нәтижелі болды, оның аясында қол жеткізілген маңызды келісімдерді жүзеге асыру үшін Вашингтон Пекинмен бірлесе жұмыс істеуге ниетті. АҚШ тарапы Қытай студенттерінің АҚШ-қа оқуға келуін құптайды.
Си Цзиньпин Дональд Трампты Қытайға тағы да келуге қуана қарсы алатынын айтты. Трамп бұл үшін шынайы алғысын білдірді. Екі тарап Женевадағы келісімдерді жүзеге асыруды жалғастырып, алдағы кезекті келіссөздерді мүмкіндігінше тезірек өткізуге келісті.