24-26 маусымда Бейжің қ. өтетін Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің Басқарушылар кеңесінің 10-жылдығына арналған отырысы қарсаңында Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Банк Президенті Цзинь Лицюньмен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен АИИБ арасындағы өзекті ынтымақтастық сұрақтарын талқылап, әрекеттесудің келешек бағыттары туралы пікір алмасты.
Ш.Нұрышев АИИБ-ті мерейтойлық отырысының өткізілуімен құттықтап, Қазақстан орнықты инфрақұрылымды дамытуға бағытталған халықаралық қаржы институтын құру бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдағанын атап өтті. Елші Банкпен бірлесіп іске асырылатын жобалар санын арттыруға мүдделілігін білдіріп, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады.
Өз кезегінде Цзинь Лицюнь Банкті құру мен дамытуға қосқан Қазақстанның үлесін жоғары бағалап, еліміздің негізін қалаушы мемлекеттердің бірі ретіндегі рөлін атап өтті. Ол сондай-ақ 2023 жылғы мамырда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевпен өткізілген кездесуден кейін өзара іс-қимылдың жандана түскенін қанағаттанушылықпен атап өтіп, қазіргі таңда АИИБ қазақстандық тарап ұсынған бірқатар жаңа бастамаларды қарастыруда және оларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Кездесу соңында АИИБ Президенті Елшілікке ынтымақтастықты нығайтуға белсенді қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Банк арасындағы серіктестік қатынастардың орнықты дамуына сенім білдірді.