Алматыдағы Мажарстанның Бас консулдығында Шымкент пен Будапешт арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуына және туристік маусымның басталуына орай салтанатты қабылдау өтті. Іс-шара мажарстандық емдік-сауықтыру курорттарында ем алу және демалу жобаларына арналды.
Шымкент – Қазақстанның ең көне әрі қарқынды дамып келе жатқан қалаларының бірі – халықаралық ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашып отыр. Енді бұл қала Еуропаға шығатын еліміздің оңтүстік әуе қақпасына айналды. Ал Будапешт – еуропалық мәдениет, инвестициялар мен экономикалық мүмкіндіктердің мойындалған орталығы – бұл бағытта лайықты серіктес саналады.
2025 жылдың 27 мамырында «SCAT» әуе компаниясы Шымкент – Будапешт – Шымкент бағытында жаңа тікелей рейсті іске қосты. Бұл оқиға Қазақстан мен Мажарстан арасындағы халықаралық әуе қатынасын және туризмді дамытуда маңызды кезеңге айналды.
Салтанатты шараны Мажарстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона ашып, құттықтау сөз сөйледі. Ол Шымкент пен Будапешт арасындағы жаңа рейстің ашылуы жолаушылар үшін жай ғана қолайлы жағдай емес екенін атап өтті:
– Бұл – халықтарымыздың бір-біріне деген қызығушылығының артып келе жатқанының айқын дәлелі. Мажарстан мен Қазақстанды тек ресми байланыстар ғана емес, шынайы өзара қызығушылық, серіктестік пен мәдени алмасуға ұмтылыс біріктіреді. Жақында мен Гумилев атындағы университетте Мажарстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастағы «Soft Power» («жұмсақ күш») тақырыбында дәріс оқыдым. Туризм – жұмсақ күштің ең қуатты әрі тиімді нысандарының бірі екеніне сенімдімін. Саяхаттар, жеке қарым-қатынас пен әсер алмасу – өзара түсіністіктің ең мықты негізін қалайды, – деді елші.
Оның айтуынша, тікелей әуе қатынасы – бұл бизнесті дамытуға серпін берумен қатар, мәдениеттерді жақындастыратын маңызды қадам.
– Мажарстан мен Қазақстан ежелден Шығыс пен Батыстың арасындағы көпір рөлін атқарып келеді. Бізді ортақ тарихи тамырлар байланыстырады. Мажар халқы қазақтарды туыс халық ретінде ерекше құрметтейді. Елде қыпшақтар (кумандар) өмір сүреді, олар өздерінің тегін мақтан тұтып, халықтарымыз арасындағы байланыс көпірі ретінде қарайды. Сондықтан бүгінгі кеш – тек салтанатты шара ғана емес, сонымен қатар кеңейіп келе жатқан диалогтың, достық пен өзара қызығушылықтың белгісі. Бұл процеске белсенді қатысып отырған баршаңызға алғыс айтамын. Жаңа тікелей рейс елдеріміз арасындағы сенімді әуе көпіріне айналып, экономика мен мәдениеттің барлық салаларында ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашады деп сенемін, – деді дипломат.
Дүниежүзінің түрлі елдеріндегі сауықтыру-курорттық нысандар желісіне ие «Ensana» компаниялар тобының атынан сату бөлімінің өкілі Ирина Перова сөз сөйлеп, Шымкент – Будапешт бағытының ашылуы – тек көлік қатынасы ғана емес, туризмді дамыту мен елдер арасындағы байланыстарды нығайтудың жаңа кезеңі екенін айтты.
– Мажарстан – танып-білуге, ұсынуға және сүюге тұрарлық ел. Біз бірлескен күш-жігер арқылы оны Қазақстанға жақын етеміз деп сенеміз, – деді ол.
«SCAT» әуе компаниясының атынан сөз алған Own Sales Department бөлімінің басшысы Екатерина Руссова авиакомпанияның кәсіби туристік қауымдастықтармен және бизнес-серіктестермен ашық диалогқа дайын екенін, икемді шешімдер, сапалы қызмет және өзара тиімді әріптестік ұсынатынын айтты.
– Шымкенттегі жаңа заманауи терминалдың өткізу қабілеті сағатына 2000 жолаушыдан асады және халықаралық деңгейдегі инфрақұрылымға ие. Бұл маршруттық желіні кеңейтуге берік негіз қалайды. SCAT Еуропа мен Азияны Қазақстан арқылы байланыстырып, ішкі және халықаралық бағыттармен ыңғайлы түйісулер ұсына отырып, жаңа әуе картасын белсенді түрде құруда, – деді ол.
Кеш жылы әрі достық атмосферада аяқталды. Финалдық аккорд ретінде ұтыс ойыны өтті – жеңімпаздар авиабилеттерден бастап, Будапешттегі қонақүй ваучерлеріне, мажарстандық косметика мен таңдаулы шараптарға дейін түрлі сыйлықтарға ие болды. Қонақтардың әрқайсысы бұл кештен тек сыйлықпен ғана емес, шынайы серіктестік пен халықаралық көкжиектердің кеңейгенін сезініп шықты.