Қытай – Орталық Азия рухы аясында Қытай мен Орталық Азия елдерінің ортақ тағдыр қауымдастығын бірлесе құрып келеміз.
Алатаудың баурайынан бастау алған жаңа дәуір – Астанада өткен тарихи саммитте айқын көрініс тапты. Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй ханым Қытай мен Орталық Азияның бес мемлекеті көшбасшыларының қатысуымен өткен осы жоғары деңгейдегі кездесуге қатысты пікірін бөлісті. Оның айтуынша, саммит аясында саяси өзара сенім нығая түсті, бірқатар практикалық бастамалар іске қосылып, бірлескен орнықты даму, бейбітшілік пен өркендеуге жол ашатын негізгі бағдар ретінде «Қытай – Орталық Азия рухының» маңыздылығы айқындалды. Цзян Вэй ханым атап өткендей, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын алғаш ұсынған Қазақстан аймақ пен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуде жетекші рөл атқарып келеді.
Астана саммиті – достықтың жаңа парағы
Есіл жағалауын күн шуағы жарықтандырып, жазғы жайлау жасыл желекке бөленген шақта Қазақстан астанасы – Астана тарихи оқиғаның куәсі болды. Дәл осы қалада ҚХР Төрағасы мен Орталық Азияның бес мемлекетінің басшылары ежелден қалыптасқан достықты нығайтып, стратегиялық серіктестіктің жаңа бағыттарын айқындап, сапалы даму жолын белгілеу үшін бас қосты. Бұл саммит жүзден астам келісімге қол қойылуымен ерекшеленіп, өңірлік ықпалдастықтың жарқын үлгісіне айналды әрі жаһандық бейбітшілік, тұрақтылық пен прогреске маңызды үлес қосты.
Бірінші кезекте – саяси өзара сенімнің жаңа деңгейі
Дипломатиялық қатынастар орнағаннан бергі отыз жыл ішінде Қытай мен Орталық Азия елдері жан-жақты стратегиялық әріптестік орнатып, оны «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында қабылданған көптеген құжаттармен бекітті. Екіжақты да, аймақтық деңгейде де ортақ тағдыр қауымдастығы идеясы алға жылжуда. Биылғы саммиттің басты ерекшелігі – ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «Қытай – Орталық Азия рухы» тұжырымдамасы болды. Бұл ұғым өзара құрметке, сенімге, өзара тиімділік пен қолдауға негізделіп, жоғары сапалы даму арқылы жаңғыруға ұмтылысты білдіреді.
Саяси бірліктің белгісі ретінде алты көшбасшы Астана декларациясына қол қойды. Құжатта тараптар негізгі мәселелер бойынша бір-бірін қолдауға дайын екендерін нақты білдірді. Қытай Орталық Азия елдерінің егемендігі мен даму жолын берік қолдайтынын мәлімдесе, аймақ елдері «Бір Қытай» қағидатына адалдығын растады, Тайваньның Қытай аумағының ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Бұл декларация жаһандық тұрақсыздық жағдайында саяси консенсус пен тұрақтылықтың қуатты белгісіне айналды.
Екіншіден – нақты ынтымақтастық нәтижелері
Саммит барысында Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы 2025–2026 жылдар жоғары сапалы даму кезеңі ретінде жарияланды. Ынтымақтастықтың алты негізгі бағыты айқындалды: үздіксіз сауда, өнеркәсіп пен инвестициялар, көлік байланыстығы, жасыл пайдалы қазбаларды игеру, ауыл шаруашылығын жаңғырту және азаматтардың өзара сапарлары. Алты ел басшылары «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жоғары сапалы бірлесіп ілгерілету жөніндегі іс-қимыл жоспарына куә болып, оған қол қойды. Бұл – Қытайдың көршілес аймақ елдерімен алғаш рет осындай ауқымды құжатқа қол қоюы.
Сонымен қатар, «Қытай – Орталық Азия» форматында кедейшілікпен күрес орталығы, білім беру саласындағы алмасу және ынтымақтастық орталығы, шөлейттенуге қарсы күрес орталығы мен сауда үшін қолайлы жағдай жасайтын алаң құру туралы шешім қабылданды. Бұл бастамалар Орталық Азия халықтарының әл-ауқатын арттыруға, білікті мамандар даярлауға, су және табиғи ресурстарды тиімді басқаруға, сондай-ақ жоғары сапалы экономикалық дамуға ықпал етеді. Бұл – «бірлескен жаңғыруды жоғары сапалы даму арқылы ілгерілету» ұранының нақты көрінісі.
Үшіншіден – тату көршілік пен достықтың жаңа белесі
Алты мемлекет басшысы мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы Шартқа қол қойды. Бұл құжат халықтар арасындағы мәңгілік достық қағидатын заң жүзінде бекітті. Ол Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы қатынастардың жаңа тарихи белесіне айналып, келешек онжылдықтарға берік іргетас қалады.
Жүзден астам бауырлас қалалар жөніндегі келісімдер жасалып, халықтық дипломатия үшін берік гуманитарлық негіз қаланды. Бұл – мәдени және адами байланыстарды кеңейтуге арналған «достық көпірлері». Тараптар сондай-ақ парламенттер мен саяси партиялар арасындағы қатынастарды, әйелдер мен жастар ынтымақтастығын, БАҚ, сараптамалық орталықтар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға келісті.
Алдағы жылдары Орталық Азия елдерінде мәдени орталықтар, Лу Бань шеберханалары, Қытай университеттерінің филиалдары және дәстүрлі медицина орталықтары ашылады. Мұның бәрі өркениеттер диалогына тың серпін беріп, халықтар арасындағы мыңжылдық достық дәстүрінің жалғасы болмақ.
Қазақстан – стратегиялық өзара іс-қимылдың негізгі арқауы
Өңірлік ықпалдастықты нығайтуда Қазақстанның рөлі ерекше. Дәл осы елде «Бір белдеу, бір жол» бастамасы алғаш рет жарияланған еді. Саммит аясында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке кездесу өткізді. Екі ел басшылары стратегиялық бағытты сақтап, өзара сенім мен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екендерін растады. Қытай–Қазақстан ортақ тағдыр қауымдастығына жаңа мазмұн беруге ұмтылыс ерекше атап өтілді.
Сапар қорытындысы бойынша сауда, инвестициялар, ғылым мен технология, кедендік реттеу, туризм, бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да салаларды қамтитын 60-тан астам екіжақты келісімге қол қойылды. Бұл екі ел арасындағы «алтын кезеңде» байланыстарды одан әрі тереңдетуге қуатты серпін берді.
Бірліктің желкені – тұрақтылық пен өркендеуге бастар жол
Тарих толқынында Қытай мен Орталық Азия елдерінің достығы кемесі алға нық ілгерілеп келеді – оның желкенін гуманитарлық түсіністік керіп, ескегін экономикалық прагматизм есіп тұр. Көшбасшылардың көреген басшылығы мен стратегиялық әріптестік рухы бұл кемені бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеу бағытында бастап келеді. Біз «Қытай – Орталық Азия рухын» ұстана отырып, ортақ тағдыр қауымдастығы тұжырымдамасын және Қытайдың үш жаһандық бастамасын жүзеге асыру арқылы ортақ үйлесімді және гүлденген үйімізді бірге салып келеміз.