Қазақстан бен АҚШ негізгі салаларда бірлесіп жобаларды жүзеге асыруды көздейді

1463
Фотосурет: Gov

Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Вашингтон, Нью-Йорк және Сан-Франциско қалаларында халықаралық қаржы ұйымдары мен жеке сектор өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Дүниежүзілік банкте «Business Ready» бағдарламасының Ғаламдық көрсеткіштер тобының директоры Норма Лоайзамен кездесу өтті. Инвестициялық климатты бағалау әдіснамасын жетілдіру, өңірлік ерекшеліктерді көрсету және тарифтік емес тосқауылдардың іскерлік белсенділікке әсері мәселелері талқыланды. 2024 жылы «Doing Business»-тің орнына іске қосылған «Business Ready» бағдарламасы Қазақстанды 2025 жылдан бастап шолуға енгізеді. Қазақстан тарапынан ұлттық ерекшеліктерді дәл ескеру үшін жергілікті деректерді ұсынуға және консультацияларға қатысуға дайындығы расталды.

«IG Global» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Стефани Эштонмен Қазақстандағы тау-кен секторында инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

«Bay Area Economic Institute» және «San-Francisco Chamber of Commerce» ұйымдарымен Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы және Кремний алқабы бизнесімен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.

Тұрақты энергетика, шикізатты қайта өңдеу, биотехнология және технологиялық ынтымақтастық салаларында жобаларды дамытуға бағытталған бірқатар компаниялармен кездесулер өтті.

«Windfall Bio» компаниясымен метанды ұстауға арналған микробиологиялық технологияларды қолдану және оларды Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде пайдалану мүмкіндіктері талқыланды.

«Boardwurks» компаниясымен қарасорадан жасалған композиттік құрылыс материалдарын бірлесіп өндіру перспективалары қозғалды.

«Astranis Space Technologies Corp.» компаниясы Қазақстанның шалғай аумақтарын байланыспен қамтамасыз етуге арналған спутниктік байланыс шешімдерін ұсынды.

«Silkroad Innovation Hub» инновациялық орталығында тараптар қазақстандық стартаптарды қолдау, халықаралық акселерациялық бағдарламаларды дамыту және АҚШ-тағы «Digital Nomads» үшін жағдай жасау мәселелерін талқылады.

Бұл кездесулер технологиялық және орнықты даму салаларындағы негізгі бағыттар бойынша Қазақстан мүдделерін ілгерілету мен экономикалық дипломатияны жандандырудағы маңызды кезең болды.

Кездесулердің қорытындысы бойынша Ә.Қуантыров АҚШ-тың Қазақстан экономикасына ең ірі инвесторлардың бірі болып қалатынын атап өтті – жалпы инвестициялар көлемі 62 млрд АҚШ долларынан асады. Осыған байланысты жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және өзара сенімді нығайтуға бағытталған американдық серіктестермен диалогты тереңдету ерекше маңызға ие.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -