2025 жылдың 4 шілдесінде Астанада жасөспірімдер мен жастар арасындағы ауыр атлетикадан Азия чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Турнирге 25 азиялық елден, оның ішінде Қытай, Өзбекстан, Үндістан, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Таиланд, Кувейт және басқа мемлекеттерден 14 пен 20 жас аралығындағы 300-ден астам спортшы қатысуда.
Жас спортшылар ауыр атлетиканың классикалық түрлері - жұлқи және серпе көтеруден бақ сынасады. Жеңімпаздар жекелеген жаттығуларда да, қоссайыс нәтижесі бойынша да анықталады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ең көпқұрамды команда Қазақстанда: ел намысын өз алаңымызда 36 спортшы қорғайды. Жалпы, елімізде бұл спорт түрімен 29 мыңнан астам қазақстандық айналысады.
«Қазақстан — халықаралық жарыстарды өткізуде мол тәжірибесі бар ел, бұл чемпионат — соның айқын дәлелі, – деді ҚР Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов. – Азия — әлемдік спорт көшбасшыларының бірі. Соңғы жылдары Олимпиада чемпиондарының басым бөлігі осы құрлықтан шықты. Ауыр атлетикада Азия чемпионы атағы кейде әлем чемпионы атағымен бір дәрежеде. Яғни, осы деңгейдегі жеңіс — әлемді мойындатуға бағытталған қадам. Бүгін тұғырға шыққан әрбір спортшы — тек өз елінің емес, бүкіл Азияның үміті».
Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Мохамед Джалуд Аль-Шаммари өз сөзінде былай деп атап өтті:
«Бұл чемпионат — 2028 жылғы ірі жарыстарға, атап айтқанда, әлем чемпионаты мен Лос-Анджелестегі Олимпиадаға іріктеуге дайындықтың бір түрі. Мен осы чемпионатта жаңа әлемдік рекордтар орнатылып, бұрынғы жетістіктер жаңаратылатынына сенемін және бұл жарысқа деген қызығушылықты одан әрі туғызады. Қазақстан чемпионатты сәтті өткізіп шықсын деп тілеймін, ал жас буынға сәттілік. Себебі бұл — жас спортшылардың сайысы, ал олар — ауыр атлетиканың болашағы».
Ашылу салтанаты барлық қатысушы елдердің туларының сахнаға шығарылуынан басталды. Азия ауыр атлетика федерациясының (AWF) президенті Мохамед Юсеф Аль-Мананың айтуынша, Астанада бастау алған чемпионат тек маңызды спорттық оқиға ғана емес, сонымен қатар халықаралық диалог алаңы.
«Біз Азия чемпионатының жастар, жасөспірімдер мен қыздар арасында дәл бүгін Қазақстанда ашылып отырғанына қуаныштымыз! Бұл тек Қазақстанның мойындалуы емес, сонымен қатар Азияның Олимпиада ойындарындағы ауыр атлетика бойынша ең мықты құрлықтардың бірі ретіндегі ықпалын дәлелдейді. Азия чемпионаты тек Азияда ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі үздік жарыстардың бірі», – деп атап өтті Мохамед Юсеф Аль-Мана.
Бұл чемпионат 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатынан кейінгі ауыр атлетика бойынша Қазақстанда өтіп жатқан алғашқы ірі халықаралық турнир. Оның елге қайта оралуы – отандық спортта жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалардың айқын дәлелі. Астанадағы Азия чемпионаты – қазақстандық ауыр атлетиканың дамуына арналған жаңа тарау, ұлттық спорттың тұрақты дамуы мен әлемге ашықтығының символы.
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин: «Бүгін тұғырға ауыр атлеттердің жаңа буыны көтеріледі. Алдағы күндері қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетеді деп сенемін. Ең маңыздысы – спортшылардың бойындағы жалын», – деп атап өтті.
«Құрметті спортшылар! Спорт болашағы үшін алға ұмтылыңыздар, биік мақсат қойыңыздар, жеңіс жолын ұмытпаңыздар! Барлық қатысушыларға лайықты өнер көрсетуді тілеймін!»
Чемпионат ұйымдастырушылары атынан спортты қолдап жүрген жастарға шабыт беріп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан азаматтарға құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтар табысталды.
Азия чемпионатының алғашқы күнінде әйелдер арасында 44 және 48 кг салмақ дәрежелерінде алғашқы медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Жаңалықтарды Қазақстан ауыр атлетика федерациясының ресми әлеуметтік желілеріндегі парақшаларынан қадағалаңыздар: Instagram: @wf_rk TikTok: @wf_rk