Айда Балаева ШЫҰ аясында мәдени ынтымақтастықтың жаңа форматтарын ұсынды

1562
Фотосурет: Gov

2025 жылдың 7 шілдесінде Циндао қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің 22 кеңесі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Кеңес барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, кездесудің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар ШЫҰ-ның мәдени диалогты дамытуға және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған халықаралық алаңға айналғанын да атап өтті.

«Мәдениет – бұл тек игі дәстүр ғана емес, болашақты жалғайтын рухани көпір. Біз ортақ бастамаларды неғұрлым белсенді дамытсақ, ШЫҰ мемлекеттерінің рухани бірлігі соғұрлым нығая түседі» Аида Балаева

Министр атап өткен маңызды мәдени бастамалардың қатарында ШЫҰ Жастар фестивалі, ШЫҰ Жас көшбасшылар форумы сынды бірқатар жобалар бар. Сонымен қатар «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы мен 2024 жылы Алматы қаласында ШЫҰ-ға мүше елдердің музыкалық ұжымдары қатысқан «ШЫҰ Жібек жолы» атты алғашқы халықаралық музыкалық фестиваль ұйымдастырылды.

Алдағы перспективалар бойынша министр креативті индустрияны қолдау, туризмді дамыту және мәдениетаралық байланысты кеңейту бағытында ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды. Атап айтсақ, ШЫҰ елдерінде өткізілетін, ұлттық қолөнер шеберлері, кілем тоқу, қыш шеберлері мен ою-өрнек өнерінің ұсталары қатысатын көшпелі Қолөнер және сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкесін ұйымдастыруды ұсынды.

Сонымен қатар Аида Балаева «ШЫҰ мәдени мұрасының цифрлық платформасын» құру бастамасын көтерді. Бұл платформа ШЫҰ-ға мүше елдердің виртуалды музейлерін, өнер туындыларын, мәдени нысандар каталогтарын және сала шеберлерінің бейнесабақтарын қамтитын болады.

Министр Қазақстан бұл бастамаларды іске асыруға, сараптамалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Тұжырымдама әзірлеп, алғашқы іс-шараны 2026 жылы Алматы немесе Ұлы даланың рухани астанасы – Түркістан қаласында өткізу туралы сөз қозғады.

Кеңес аясында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері мен Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, ҚКП Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі Ли Шулэйдің ұжымдық кездесуі өтті.

Іс-шара барысында Аида Балаева Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен екіжақты кездесу өткізді. Кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Тараптар ынтымақтастықтың жемісті жалғасып келе жатқанын атап өтіп, одан әрі дамуына мүдделі екендігін білдірді.

Сондай-ақ министр Аида Балаева ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевпен екіжақты кездесу өткізді.

Бұдан бөлек, бүгін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өнер және жастар әні фестивалінің ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараның мақсаты – Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланыстарды дамыту, ұлттық дәстүрлерді насихаттау және ШЫҰ-ға мүше елдердің достығын нығайту. Аталған фестивальге Қазақстан атынан мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаттары Садраддин Болат пен Рухия Байдүкенова қатысып, өнер көрсетті.

Фестивальдің ашылу салтанаты жастар ән кеші форматында өтіп, ШЫҰ елдері мәдениеттерінің әралуандығын көрсетуге арналды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -