Қызылорда ұлттық ауқымдағы алаңға айналды. Бүгін мұнда алғаш рет Қазақстан Ұлттық Урбан форумы – 2025 өтуде. Бұл – қалалардың болашағын жобалайтындар үшін басты оқиға, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараны Қызылорда облысының әкімдігі UN-Habitat және басқа да бірқатар серіктестердің қолдауымен ұйымдастырды.
"Бұл жай ғана оқиға емес, жаңа дәстүрдің бастауы. Қазақстан UN-Habitat аясындағы жаһандық қозғалысқа қосылды, мұнда әрбір сөз – нақты өзгерістер қадамы болып табылады. Біз урбанистік болашақ туралы айтып отырмыз және оны дәл қазір, осы жерде құрып жатырмыз", - деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, сөз сөйледі. Ол осындай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті. Спикердің айтуынша, Ұлттық Урбан Форум – өңірлер, сарапшылар мен мемлекет арасында тұрақты диалог құру үшін Қазақстанның ресми тұғырнамасы.
Форумның миссиясы – урбанистиканы талқылау ғана емес, жаңа шешімдер жүйесін құру. Ол үш деңгейді қамтиды: әлемдік (UN-Habitat аясындағы жаһандық форумдарға қатысу); аймақтық (басқа елдермен тәжірибе алмасу); ұлттық (ел аумағындағы қалалар мен қауымдастықтар арасындағы диалог).
Басты тақырып – "Өңірлерден бастау алатын кешенді қалалық қайта құру: Қазақстандағы теңгерімді, инклюзивті және климаттық өзгерістерге төзімді қалаларды қалыптастыру". Форумға қатысушылар Жаңа қалалық күн тәртібіне (New Urban Agenda) және Орнықты даму мақсаттарына сәйкес қаланың инклюзивті және теңгерімді дамуын ілгерілету бағдарларын, қалалар мен ауылдар арасындағы байланысты, климаттық бейімділікті, оған жастардың қатысуын, сондай-ақ басқарудағы цифрлық тәсілдерді талқылайды.
Осы орайда Қызылорда сияқты шағын қалалардың ұлттық даму жолында қалалық бірегейлікті және аумақтық бағдарланған тәсілдерді қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылып отыр.
"Жаңа урбанистік күн тәртібі Қазақстанның дамуының ұлттық қалалық траекториясын қалыптастыру үшін негізді қамтамасыз етеді. Бұл – аймақтар, сарапшылар мен билік арасындағы үйлестіру механизмін іске қосу арқылы Ұлттық қалалық саясатты жүзеге асыру шараларын қолдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, белсенділерден бастап әкімдерге дейінгі қалалардың дамуына ниетті әрбір адамның қатысуы үшін платформалық жол ашады", – деп атап өтті БҰҰ– Хабитат өкілдері.
Форум Үкімет, бизнес, сарапшылар және азаматтық қоғамдастық өкілдері үшін тартымдылық нүктесіне айналады. Құрметті қонақтардың арасында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков, сондай-ақ БҰҰ –Хабитат атқарушы директорының орынбасары міндетін атқарушы Рафаэль Тутс, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча бар.
Панельдік сессияларға халықаралық сарапшылар: Гарри Добс (Harry Dobbs Design), Риккардо Марини (Marini Urbanismo), Юрий Милевский (NOVAYA Labs), Мария Скрябина ("База 14") және басқалар қатысып, сөз сөйлейді.
"Урбанизация тек сәулет әлемі ғана емес, бұл адамзат үшін де маңызы зор бағдар. Біз өзіміз өмір сүргіміз келетін қалаларды саламыз. Ал Қызылорда – осы өзгерістердің көшбасшысы бола алатын қала екенін көрсетті", - деп қорытындылады форумға қатысушылар.
Қазақстандық форум Польша мен Әзірбайжанды және Грузияны қоса алғанда, бүкіл әлемде өткізілетін UN-Habitat халықаралық форматының бір бөлігі болып табылатынын айта кеткен жөн.