Қазақстан мен ИКАО 2050 жылға дейінгі азаматтық авиацияны дамыту жөнінде стратегиялық құжаттарға қол қойды

1243
Фотосурет: Gov

Көлік министрі ИКАО Кеңесінің Президентімен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Кеңесінің президенті Сальваторе Шаккитано Қазақстан Республикасына алғаш рет іс-сапармен келді.

Бүгін көлік министрлігі ғимаратында ведомство басшысы ИКАО кеңесінің президентімен кездесті. Қазақстан мен ИКАО арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, оның ішінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және жолаушылар ағынын арттыру, авиациялық отын (ACT-SAF) және басқа да мәселелер қаралды.

Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) арасындағы бірлескен декларация, сондай-ақ азаматтық авиация саласын 2050 жылға дейін дамытуға арналған бас жоспар (CAMP) бар. Бас жоспарға сәйкес 2026-2050 жылдар аралығында саланы дамыту мәселелерінде Қазақстанға қолдау көрсету көзделген. Қазақстан Орталық Азия мен ТМД елдері арасында саланы одан әрі жетілдіру үшін дәл осындай құжатқа қол қойған алғашқы мемлекет.

Сальваторе Шаккитано Қазақстанның азаматтық авиация саласын дамытудағы қадамдарын, оның ішінде реформаларды, Көлік министрлігінің жұмысын, аймақтық Еуропа және Солтүстік Атлантикалық Бюромен (EUR/NAT)  өзара іс-қимылды, сондай-ақ ИКАО ұсынған стандарттар мен тәжірибені қолдану деңгейін жоғары бағалады. Соңғы 15 жылда Қазақстанның ИКАО стандарттарына сәйкестік көрсеткіші 47%-дан 82%-ға дейін өсті. Бұл қазақстандық әуе компаниялардың Еуропалық Одақ елдеріне емін-еркін ұшуына жол ашып, қандай да бір шектеулерді алып тастауға мүмкіндік бергені атап өтілді. Ендігі мақсат – Ұйым стандарттарына 90% сәйкес болу. Сонымен қатар, гендерлік саясат бойынша, «Ашық аспан» режимін енгізу және көмірқышқыл газының (СО2) ауаға таралуын азайту жөніндегі Ұлттық жоспарды жүзеге асыруда табысты жұмыстар атап өтілді.

Тараптар байланысты жоғары деңгейде және оң динамикада жалғастыруға келісті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -