ОПЕК халықаралық семинары аясында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенжанов пен БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазруи кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қос тарап ынтымақтастықтың серпінді дамуын жоғары бағалап, оны әріптестіктің жарқын үлгісі деп атады.
Келіссөзде БАӘ-нің жетекші компаниясы Masdar-дың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан Жамбыл облысындағы қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясы құрылысы талқыланды.
Ерлан Ақкенжанов бұл стратегиялық жобаны Қазақстан билігі жан-жақты қолдайтындығын жеткізді. Жобаға бұрын-соңды болмаған басымдықтар берілгенін айтып, үкіметаралық келісімнің өте қысқа мерзімде бекітілгенін тілге тиек етті. Бұл – Қазақстан тарапының өз міндеттемелеріне адалдығын көрсетеді.
Сухейл әл-Мазруи өз кезегінде жасалған қолайлы жағдайға алғысын білдіріп, Masdar компаниясы жобаны жоспарға сай жүзеге асыратындығын жеткізді.
«БАӘ, соның ішінде Masdar компаниясымен әріптестігіміз – ортақ сенім мен табыстың жарқын үлгісі. Бұл жоба өңірдегі жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы ең ірі бастама және «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыруға негіз болады. Біз БАӘ экономикамызды декарбонизациялау мақсаттарына жетудегі негізгі стратегиялық серіктесіміз деп санаймыз» Ерлан Ақкенжанов