Жапония Семейдегі ядролық сынақтардың салдарымен күреске грант бөлмек

1496
Фотосурет: UKIMET

Олжас Бектенов Хирошима префектурасының губернаторы Хидехико Юзакимен гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Хирошима префектурасының губернаторы Хидехико Юзакимен кездесу өткізді. Онда сауда-экономикалық ынтымақтастықты қоса алғанда, екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, сондай-ақ гуманитарлық бастамалар мен жаһандық қауіпсіздікті нығайту жолында бірлесе күш жұмылдыру жайы талқыланды.

Қазақстан Жапониямен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамытуға үлкен мән береді. Бұл бағытта ел Үкіметі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген міндеттерді дәйекті түрде жүзеге асыруда.

Кездесу барысында Хирошима префектурасы мен Абай облысы арасындағы байланысты одан әрі нығайту перспективалары қаралды. «Хирошима – Семей» бастамасын жалғастырудың, сондай-ақ Mayors for Peace халықаралық қозғалысы аясында білім алмасудың маңыздылығы атап өтілді. Тараптар Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) алда өтетін Шолу конференциясы шеңберінде одан арғы өзара іс-қимылға әзір екендіктерін білдірілді.

Хирошима префектурасының губернаторы ядролық қаруды таратпау мәселелерінде Жапония мен Қазақстанның ынтымақтастығы аса маңызды екенін атап өтті.

«Біз Қазақстанның халықаралық аренадағы қолдауын жоғары бағалаймыз. Сапарымыздың бір мақсаты – достықты нығайту. Екі елде де ядролық қару салдарынан жиналған мол тәжірибе бар. Біз Хирошималықтар өзімізді маңызды миссиямыз бар жандармыз деп санаймыз, ол – әлемді ядролық қарудан азат ету жолында тынымсыз еңбек ету. Қазақстан – Ядролық қаруды таратпау туралы қозғалыстың Орталық Азиядағы мүшесі» Хидехико Юзаки 

«Қазақстан радиациядан зардап шеккендерді медициналық және әлеуметтік қолдау, сондай-ақ радиациялық медицина саласындағы технологияларды әзірлеу және енгізу сияқты бағыттар бойынша Жапониямен ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылады. Біз Жапония Үкіметіне Семейдегі ядролық сынақтар салдарымен күресу үшін өтеусіз грант беру ниетіне алғыс білдіреміз. Бұл бастама медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға орнықты түрде ұзақмерзімді әсер ететініне сенімдіміз» Олжас Бектенов

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы $1,8 млрд-ты құрады. Қазіргі уақытта Қазақстанда 60-тан астам жапондық компания табысты жұмыс істеуде. Соңғы 20 жылда жапон бизнесі ҚР экономикасына шамамен $8,3 млрд инвестиция салды. Toyota, Hitachi, Marubeni және басқа да компаниялармен ірі жобалар жүзеге асырылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -