Euronews шетелдіктерге Байқоңыр мен Катонқарағайды таныстырады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Euronews телеарнасы Қазақстанның туристік бағыттары жайлы «Modern Nomads» бағдарламасының екі жаңа эпизодын әзірлеуде. Еуропалық телеарна «Байқоңыр» кешенінде және Катонқарағай ауданында түсірілім жүргізді.
«Байқоңыр» кешенінде жылына орта есеппен 6–7 зымыран тасығыш ұшырылады. Мұндай ерекше сәттердің бірін «Euronews» шығармашылық ұжымы түсіріп үлгерді. Байқоңыр туралы эпизодта көрермендер адамзаттың ғарыш дәуірі басталған бірегей нысандармен таныса алады.
Бағдарламада тұңғыш ғарышқа ұшу алаңына айналған «Гагарин старты», кешен аумағындағы ең биік нысан саналатын Динамикалық сынақ стенді, монтаждау - жанармай құю кешені, «Буран» кемесі және Байқоңыр қаласының музейі көрсетіледі. Сонымен бірге Қызылорда өңірінің облыстық өлкетану музейі және «Қорқыт ата» мемориалдық кешені іспетті көрнекті орындары да қамтылады.
Бағдарламаның екінші эпизоды Шығыс Қазақстандағы ең көрікті жерлерінің бірі Катонқарағай ауданына арналмақ. Еуропалық телеарнаның түсірілім тобы өңірдің табиғи және мәдени әлеуетін, сауықтыру туризмінің мүмкіндіктерімен таныстырады. Эпизодқа Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің туристік бағыттары енеді. Оның ішінде «Рахман қайнары» көзі, Көккөл сарқырамасы бар. Көрермендер Өрел мен Коробиха ауылдарымен де таныса алады.
Бағдарламада денсаулықты қалпына келтіруге арналған пантоемдеу және апитерапия әдістеріне ерекше назар аударылған. Эпизодта жергілікті шикізаттан биологиялық белсенді қоспалар мен дәрілік препараттар өндіретін «Ақсу-Дэен» ЖШС көрсетіледі.
Бағдарламаның жаңа эпизодтары Euronews телеарнасында қыркүйек айында шығарылады.
Атап өткен жөн, бұған дейін халықаралық «Modern Nomads» телебағдарламасы Түркістан қаласы мен Маңғыстаудың табиғи ерекшеліктерін шетелдік көрермен назарына ұсынған болатын.