Сианьда өткен ШЫҰ елдерінің екінші телевизиялық фестиваліне Қазақстан делегациясы қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
16–17 шілде күндері Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында ШЫҰ елдерінің екінші телевизиялық фестивалі басталды.
Ашылу салтанатына ШЫҰ-ға мүше 19 мемлекет, бақылаушы елдер мен диалогтық серіктестер, 300-ге жуық маман, сарапшы және дипломат қатысты.
Оның ішінде ҚР Мәдениет және ақпарат вице‑министрі Қанат Ысқақов та болды.
Іс-шара барысында Қанат Ысқақов Шанхай ынтымақтастық ұйымының сенімге, теңдікке, өзара құрметке және мәдени әралуандылыққа негізделген маңызды халықаралық платформа екенін атап өтті.
Сонымен қатар, фестиваль аясында Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік радио және теледидар басқармасының орынбасары Донг Синмен кездесу өтті.
Кездесуде екі ел арасындағы медиа саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мен нығайту жөніндегі қадамдар талқыланды.
Іс-шара нәтижесінде 2025 жылғы фестивальге арналған бірлескен декларация қабылданып, бекітілді.