FlyArystan Атырауда Қазақстан мен Өзбекстанның туристік сала өкілдерінің кездесуін өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
FlyArystan әуекомпаниясы «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдар» АҚ (Атырау халықаралық әуежайы), Өзбекстан Республикасының Ақтаудағы Бас консулдығы және «Visit Atyrau» туристік ақпараттық орталығының қолдауымен Қазақстан мен Өзбекстанның туристік компаниялары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған кездесу ұйымдастырды.
B2B форматындағы воркшоп бірқатар туристік агенттіктерді, сондай-ақ Өзбекстан тарапынан шипажай және қонақүй кешендерінің, сауықтыру орталықтары мен медициналық туризм саласындағы ұйым өкілдерін тоғыстырды. Іс-шара іскерлік байланыстар орнатуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен туристік жобалар жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылауға тиімді алаң болды.
«Мұндай іс-шаралар тікелей диалог құруға, тәжірибе алмасуға және ұзақмерзімді серіктестік орнатуға мүмкіндіктер ұсынып, туризмді ілгерілетуде маңызды рөл атқарады. Өзбекстандық серіктестермен өткен кездесуде жүзеге асырылуы мүмкін болашақ жобалар талқыланды. Осы тұста айта кетерлігі, 15 шілдеден бастап FlyArystan Атырау мен Ташкент арасында жаңа рейс ашты. Бұл – қазақстандық лоукостердің елдер арасындағы туризм мен іскерлік байланысты дамытуға бағытталған жұмысының үйлесімді жалғасы» Жанар Жайлауова, FlyArystan әуекомпаниясының сату және маркетинг директоры
Атырау – Ташкент бағыты жолаушылар үшін рәсмімдеуге қолжетімді: 15 шілдеден тамыз айының соңына дейін рейстер бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. Қыркүйек пен қазан айларында – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері орындалады.
Бағдарлама аясында Өзбекстаннан келген қатысушылар Каспий маңы өңірінің туристік әлеуетімен де танысты. Қонақтар көркем Жайық өзенімен қатар, өңірдің индустриялық мұрасымен таныстыратын Интерактивті мұражайды аралады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі ынтымақтастыққа және бірлескен туристік бастамаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.