Қазақстан мен Венгрия ғарыш технологиялары саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде министр Жаслан Мадиев пен Шығыс Еуропадағы ақпараттық-коммуникациялық, телекоммуникациялық және қорғаныстық цифрлық технологиялар саласындағы жетекші компаниялардың бірі саналатын венгрлік 4iG Group технологиялық холдингінің делегациясы арасында ресми кездесу өтті.
Кездесу барысында спутниктерді құрастыру, Жерді қашықтықтан зондтау деректерімен алмасу, жерүсті инфрақұрылымды дамыту, мамандар даярлау және бірлескен инновациялық жобаларды іске асыру бойынша екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Келіссөздердің нәтижесінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мен 4iG Space and Defence Technologies Private Limited Company (4iG Group-тың еншілес құрылымы) арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат бірлескен жұмыс тобын құруды және спутниктік технологиялар, деректермен алмасу, жерүсті инфрақұрылымы мен кадр даярлау салаларындағы өзара іс-қимылды көздейді.
Сапар аясында 4iG Group делегациясы Ұлттық ғарыш орталығына барып, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, «Ghalam» ЖШС қызметімен, сондай-ақ ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің жұмысымен танысты.
Сондай-ақ қонақтарға Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығының қызметі, соның ішінде ғарыштағы ғылыми әзірлемелер таныстырылды.
Сапар соңында 4iG Group өкілдері 2025 жылғы 8–9 қыркүйекте Алматы қаласында өтетін, әлемнің жетекші сарапшыларын, ғарыш агенттіктері мен компанияларын біріктіретін SPACE DAYS KAZAKHSTAN 2025 халықаралық форумына қатысуға шақырылды.