Қазақстан мен Қытай волонтерлік саласы бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
2025 жылғы 22 шілдеде Қытай Халық Республикасынан келген делегациямен екіжақты кездесу өтті. Делегацияны Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің әлеуметтік жұмыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары Цай Лисинь бастап келді.
Кездесудің басты мақсаты – волонтерлер қызметі саласындағы тәжірибе алмасу және Тұрақты даму мақсатында халықаралық волонтерлер жылы аясында екіжақты ынтымақтастықты нығайту.
Қазақстан тарапынан кездесуге мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова қатысып, елімізде жүзеге асырылып жатқан волонтерлік бастамалар мен Волонтерлер жылы аясында өткізілген маңызды іс-шаралар туралы кеңінен баяндап берді.
Жиын барысында тараптар төмендегі негізгі бағыттар бойынша өзара байланыс мәселелерін талқылады:
- волонтерлік саласындағы екіжақты серіктестікті дамыту;
- қысқа және ұзақ мерзімді тағылымдамалар, оқу сапарлары мен бірлескен гуманитарлық миссияларды ұйымдастыру;
- қос ел волонтерлерінің қатысуымен мәдени, білім беру және ағартушылық бағыттағы бірлескен іс-шараларды өткізу;
- Тұрақты даму мақсатында халықаралық волонтерлер жылы аясындағы бастамаларды жүзеге асыру.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін атап өтті.