Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапония Экономикалық дипломатия жөніндегі парламенттік лигасының Төрайымы, Парламент депутаты Йоко Камикавамен кездесу өткізіп, тараптар халықаралық сауда жүйесінің трансформациясы жағдайында екіжақты экономикалық серіктестікті дамыту перспективаларын талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Елші инвестициялық ынтымақтастықтың оң серпініне тоқталып, 2005 жылдан бастап Қазақстан экономикасына жапон инвестицияларының жалпы ағыны 8,1 млрд АҚШ долларын құрап отырғанын атап өтті.
Тараптар Транскаспий халықаралық көлік маршрутының мүмкіндіктерін пайдалану арқылы транзиттік-логистикалық кооперация, цифрландыру және жасанды интеллект, жасыл экономика және декарбонизация, су технологиялары сияқты салалардағы ынтымақтастықты дамыту ықтималдығын талқылады.
Өз кезегінде Й.Камикава Жапонияның бұрынғы Әділет министрі ретінде экономикалық ынтымақтастықты тереңдету үшін құқықтық шеңбер құру қажеттілігіне көңіл бөлді. Бұдан басқа, ол екі елдің, оның ішінде шағын және орта бизнестің жеке секторлары деңгейінде өңіраралық экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту маңыздылығын атап көрсетті.
Ол Жапонияның Сыртқы істер министрі лауазымында 2023 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясы алаңында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен өткен кезедсудің мазмұндық сипатын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тұрақты байланыстарды жалғастыру және Қазақстан мен Жапония арасындағы экономикалық дипломатияны ілгерілету механизмдерін нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.