Қазақстан Альметьевск кинофестивалінде екі әсерлі фильмін ұсынды

1694
Фотосурет: Скрин трейлера к фильму "Граждане крыши"/YouTube/Gulshat Smagulova

Ресей фестивалінде екі қазақстандық фильм ұсынылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

2025 жылдың 28 шілдесінде Альметьевск қаласында (Татарстан Республикасы, Ресей) «Каракуз фильм» халықаралық кинофестивалінің ашылуы өтті. Фестиваль бағдарламасына Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия және Ресейдің әртүрлі өңірлерінен отыздан астам фильм енді.

Фестиваль шымылдығын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Шатырдағы екеу» фильмі ашты. Фильмді фестиваль аясында продюсер Әлия Шәріпбаева таныстырып, шығармашылық кездесу өткізді. Продюсер түсірілім процесі туралы әңгімелеп, көпшілік сұрақтарына жауап берді.

«Шатырдағы екеу» фильмі – Гүлшат Смағұлованың алғашқы режиссерлік жұмысы. Картина тағдыры қиындыққа толы жас жігіт Дамир мен аутизм дертіне шалдыққан жасөспірім Костяның арасындағы достықты баяндайды. Шығармашылық топ картинада инклюзияның маңызын және ерекше балалардың қоғамға бейімделу мәселесін көтерген.

Фестиваль аясында француз күресінен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ палуаны – Қажымұқан Мұңайтпасов туралы баяндайтын «Қажымұқан» фильмі де көрсетілді. Ол – халықаралық, ресей және бүкілодақ чемпионаттарында аса ауыр салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, елуге жуық медаль иеленген тарихи тұлға. Картина аңызға айналған спортшының ерлігі мен ұлттық мақтанышқа айналған жолын көрсетеді.

Айта кетейік, «Каракуз фильм» – көрерменнің өзі қазылық ететін жеті күндік кинофестиваль. Байқау бағдарламасында алты номинация қарастырылған. Атап айтсақ, «Үздік көркем фильм», «Үздік деректі фильм», «Үздік анимациялық фильм», «Үздік қысқаметражды фильм», «Балалар көзайымы жүлдесі», «Каракуз фильм» Гран-приі және бес арнайы жүлде табыс етіледі.

Фестивальге қазақстандық фильмдердің қатысуы ұлттық кинематографияға деген қызығушылықты көрсетіп қана қоймай, оның халықаралық мәдени кеңістіктегі маңызын да айшықтайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -