Түркияның ең жоғары марапаты Тоқаевқа екі халықтың мызғымас достығының белгісі ретінде табысталды

2651
Фотосурет: Акорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Devlet Nişanı» орденімен марапатталды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Devlet Nişanı» орденін алу зор мәртебе екенін атап өтіп, Президент Режеп Тайип Ердоғанға және барша түрік халқына шынайы алғысын жеткізді.

Мен отандық немесе шетелдік орден және басқа да марапаттарды қабылдаудан бас тарттым. Алайда бүгінгі Сіздің шешіміңіздің мән-маңызы ерекше деуге болады. Бұл – қазақ-түрік ынтымақтастығы жылнамасындағы мағынасы терең тарихи оқиға. Сіз осы шешіміңізбен бабаларымыздың аманатына берік екеніңізді тағы бір мәрте көрсеттіңіз. Бізге асыл мирас болып қалған баға жетпес мұрамыз – достық пен бауырластық байланыстарды бекемдей түстіңіз. Бұл жоғары марапатты түрік елінің барша қазақ халқына көрсеткен ерекше құрметі деп санаймын. Осы игі бастама – тамыры бір, діні мен ділі ортақ халықтарымыз арасындағы мызғымас достықтың айқын белгісі, қастерлі құндылықтарымызды дәріптейтін маңызды қадам. Сондай-ақ бұл – қазақ-түрік стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылыстың айғағы Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент әріптесі Режеп Тайип Ердоғанды әлемдік деңгейдегі көреген, ықпалды, аса көрнекті саясаткер, өңірлік және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосып отырған тарихи тұлға деп атады.

Парасатты саясатыңыз бен ел мүддесін ілгерілету жолындағы табанды әрі қажырлы еңбегіңіздің арқасында осындай абырой биігіне шықтыңыз. Түркияның бүкіл дүниежүзіндегі беделі ешкімнің күмәнін тудырмайды. Сіздің басшылығыңызбен Түркияның қол жеткізген табыстары әлемнің әрбір түкпірінде мойындалатын болды. Түркияның әлем мойындаған жетістіктері, қарқынды дамуы, халықаралық қауымдастықтағы биік беделі мен зор ықпалы Сіздің атыңызбен тікелей байланысты. Бүгінде еліңіз экономикалық дамуы бойынша әлемнің жетекші 20 мемлекетінің қатарында. Сарапшылардың болжамы бойынша Түркияның болашағы – жарқын, ал дүниежүзіндегі ықпалы арта бермек. Сіздің көшбасшылығыңызбен тұғыры биік Түркия өзінің жаңа алтын дәуірінде биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенемін. Біз Түркияның Қазақстанның Тәуелсіздігін таныған алғашқы мемлекет болғанын еш уақытта ұмытпаймыз. Бұл егемен Қазақ елінің жылнамасында сақталатын өшпес тарихи дерек Қасым-Жомарт Тоқаев

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның қазақ-түрік қарым-қатынастарын нығайтуға қосқан сүбелі үлесіне жоғары баға берді.

Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық қарқынды түрде дамуда. Сауда-экономикалық саладағы жетістіктеріміз мол. Қазір Қазақстанда 4 мыңға жуық түрік компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз жылдан-жылға нығая түсуде. Қазіргі таңда 12 мыңнан астам қазақстандық студент Түркияда білім алуда. Былтыр еліңізге 800 мыңға жуық Қазақстан азаматы сапарлап келді, ал биыл бұл көрсеткіш 1 миллионнан асуы мүмкін. Халықаралық сахнадағы ықпалдастығымыз – белсенді. Біздің елдеріміздің жаһандық тұрақты даму және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ұстанымдары – ортақ. Әсіресе, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы тиімді іс-қимылдарымызды атап өткім келеді. Сонымен бірге екіжақты ынтымақтастықты еселеп, оны жаңа сапалы деңгейге көтеруге толық мүмкіндік бар. Бүгінгі келіссөз қорытындылары – соның айқын дәлелі Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда Қазақстан өзінің мойындалған мәртебесін нығайту үшін теңгерімді саясат жүргізіп, ауқымды әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді.

Оның нәтижесі де жақсы деуге болады, экономикалық өсім – тұрақты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 5,1 пайызға өссе, биылғы жартыжылдықта экономикамыз 6,2 пайызға ұлғайды. Биыл жалпы ішкі өнімді 300 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл – Орта Азиядағы ең үлкен көрсеткіш. Алға қойған мақсат-міндеттерге жету үшін Қазақстан келесі 4 бағытқа басымдық беруде. Олар: цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту; көлік және транзиттік әлеуетті нығайту; ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту; энергетика және өнеркәсіп саласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске қосу. Осы міндеттерді табысты жүзеге асыру ісінде Түркиямен ықпалдастыққа ерекше мән береміз Қасым-Жомарт Тоқаев

Президенттің айтуынша, Қазақстандағы ішкі ахуал тұрақты. Елімізде заң мен тәртіп тұжырымдамасына негізделген саясат белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

Саяси реформаларды табысты жүзеге асырудамыз. Біздің мемлекетіміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын ұстанады. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қарқынды іске асырылып жатыр. Бұл науқанның мән-маңызы терең. Тазалық дегеніміз, бұл – әрбір азаматтың болмысын өзгерту, санасын жаңғырту деген сөз. Еліміз – жасыл, халқымыз – адал, ниеті – таза болуы керек деп халқымызға түсіндіріп айтып жатырмыз. Ішкі саясатымыздың түпкі мақсаты – Әділетті Қазақстанды құру, «Халық үніне құлақ асатын» мемлекетті қалыптастыру. Қазақстанның сыртқы саясаты – сарабдал, көпбағытты және теңгерімді. Көрші елдермен қарым-қатынастарымызды достық, өзара түсіністік рухында дамытып жатырмыз. Дипломатиямызда Түркияның орны өте маңызды, ерекше деп айтуға болады. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауды қолдаймыз, осы мәселе бойынша Түркиямен мақсат-мүдделеріміз ортақ деп санаймыз. Осы тұста мен Түркияның Ресей мен Украина арасындағы жанжалды реттеу ісіндегі дәнекерлік рөлін ерекше атап өткім келеді. Біз, құрметті Президент мырза, Сіздің арқаңызда болып жатқан үрдісті жоғары бағалаймыз және игі қадамдарыңызды қолдаймыз Қасым-Жомарт Тоқаев

Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.

Қымбатты бауырым Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы басшылығымен Қазақстан өз аймағындағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың мекеніне айналды. Қазақстанның жетістіктерін біз әрқашан мақтан тұтамыз. Сондай-ақ Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымын институттандыруға қосқан үлесін жоғары бағалаймын. Түркия мен түрік халқының досы екеніңізді бірнеше мәрте көрсеттіңіз. Осы орайда мен Сізге Түркия Республикасының ең жоғары марапатын табыстауды үлкен мәртебе деп санаймын. Біздің мемлекеттік орденімізді елдеріміз арасындағы мызғымас достықтың символы ретінде қабылдайсыз деп сенемін Режеп Тайип Ердоған

Салтанатты жиынға 80-ге жуық дипломатиялық корпус өкілдері, Түркияның қоғам қайраткерлері, танымал тұлғалары мен бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -