Қазақстан астанасында "Орталық Азия – Қытай" форматындағы азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының екінші конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
C5+1 форматындағы жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қытай Халық Республикасының азаматтық авиация органдарының басшылары, авиация агенттіктері, аэронавигациялық қызметтер мен әуе компанияларының өкілдері қатысып жатыр.
Қазақстандағы әуе тасымалы өсіп келеді
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Дархан Катышевтің айтуынша, елдегі әуе тасымалы көрсеткіші жыл сайын артып келеді.
2023 жылы қазақстандық әуе компаниялары 13 млн жолаушы, ал 2024 жылы 15 млн-ға жуық адам тасымалдады. Оның ішінде 55%-ы ішкі, 45%-ы халықаралық рейстер. Пандемиядан кейін Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы тасымал көлемі тұрақты өсіп келеді, – деді ол.
Катышевтың айтуынша, авиациялық қауіпсіздік пен техникалық сенімділікті арттыру, халықаралық бағыттарды көбейту, туризм саласын дамыту – бүгінгі күннің басты міндеттері.
Мысалы, алғашқы конференция нәтижесінде Қазақстан мен Қытай арасында шамамен 60 рейс орындалса, қазіргі уақытта олардың саны 78-ге жетті. Сондай-ақ Түркия, Араб елдері және Орталық Азия мемлекеттерімен де әуе байланыс нығаюда, – деді комитет өкілі.
Қытай тарапының ұсыныстары
Қытай азаматтық авиация әкімшілігінің Халықаралық байланыстар департаменті бас директорының орынбасары Бай Венли өз сөзінде Астанадағы конференцияны өткізген қазақстандық тарапқа алғысын білдіріп, екіжақты ынтымақтастықты тереңдету қажеттігін атап өтті.
Авиация – Еуразия көлік хабын құрудағы маңызды тірек. Соңғы бір жылда Қытайдан Орталық Азияның бес астанасына тікелей рейстер ашылды. Апталық жолаушылар рейстерінің саны 151-ге жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есе, ал 2019 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Біз әуе компаниялары арасындағы әріптестікті дамытуға, рейстер жиілігін арттыруға және сапарларды жеңілдетуге дайынбыз, – деді Бай Венли.
Қытайлық тарап бірқатар нақты ұсыныс жасады:
- Әуе компанияларының әріптестігін кеңейту – нарықты бірлесе дамыту, жолаушылар мен жүк тасымалын арттыру.
- Әуе сапарын жеңілдету – кедендік және транзиттік рәсімдерді оңтайландыру.
- Іскерлік ортаны жақсарту – жанармай бағасын төмендету, инфрақұрылымды жаңарту, "ақылды" әуежайларды дамыту.
- Ұшу қауіпсіздігін күшейту – рейстердің қауіпсіз орындалуын қамтамасыз ету.
- Техникалық алмасу – стандарттар мен технологиялар бойынша тәжірибе бөлісу, оқыту бағдарламаларын жалғастыру.
Форум аясында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік-транзит интеграциясын дамыту, авиация мамандарының біліктілігін арттыру, халықаралық бағыттар желісін кеңейту, экологиялық тұрақты авиацияны дамыту, Еуразиялық азаматтық авиация конференциясына (EACAC) мүше елдердің өзара іс-қимылы мәселелерін талқыланады.
EACAC – 2024 жылы Қазақстан бастамасымен құрылған ұйым. Ол ИКАО, Еуропалық комиссия және IATA сияқты халықаралық құрылымдармен бірлесіп жұмыс істеуде Орталық Азия елдерінің бірыңғай ұстанымын қалыптастыруды көздейді.
Алғашқы кездесу және болашақ жоспарлар
Еске салсақ, C5+1 форматындағы алғашқы конференция 2024 жылы Қытайдың Сиань қаласында өткен болатын. Сол жиында тараптар жыл сайын кездесіп, атқарылған жұмыстарды қорытындылап, болашақ жоспарларды талқылауға уағдаласқан еді.
Астанадағы қазіргі конференция – осы келісімнің жалғасы. Тараптар ортақ әуе нарығын кеңейту, сапалы қызмет көрсету және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты шешімдер қабылдауы күтіліп отыр.
Еске сала кетейік, конференция жұмысы екі күнге жалғасады.