Қазақстан СІМ-де Сербиямен инвестициялық серіктестікті дамыту талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов пен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айбол Арғынғазинов Сербия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Дамьян Йовичпен кездесу өткізді.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ өнеркәсіп, көлік және агробизнес салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың перспективаларын талқылады. Сұхбат барысында сербиялық инвесторларды Қазақстан экономикасының басым секторларына тарту және қазақстандық компаниялардың серб нарығындағы қатысуын кеңейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Бұл өзара сауданы өсіру мен әртараптандыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Ғ.Оспанқұлов Сербияның Қазақстан үшін Еуропадағы маңызды серіктес екенін атап өтті:
«Біз өнеркәсіптік кооперация, аграрлық сектор, логистика және құрылыс салаларында ынтымақтастықты кеңейту үшін зор әлеуетті көріп отырмыз. Қазақстан сербиялық серіктестерге арнайы экономикалық аймақтарымыздың мүмкіндіктерін және еліміздің қолайлы географиялық орналасуын пайдалана отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін бәсекеге қабілетті жағдайлар ұсына алады. Сонымен қатар біз қазақстандық компаниялардың серб нарығына сапалы өнімдер мен шешімдер ұсынып, өзара экономикалық дамуды күшейте алатынына сенімдіміз»
Кездесу соңында тараптар өзара сауда айналымын нығайту және инвестициялық серіктестікті дамыту бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.