Ташкентте Абайға арналған конференцияда рухани мұра талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Орталық Азия халықаралық институтында қазақ халқының ұлы ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Абай Құнанбайұлының рухани мұрасының Орталық Азия халықтарының мәдени интеграциясын нығайтудағы рөлі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияны Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігі мен Орталық Азия халықаралық институты бірлесіп ұйымдастырды.
Қатысушылар қатарында – Орталық Азия елдері мен халықаралық ұйымдардың зерттеушілері, жазушылары, аудармашылары, өнер және мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ Өзбекстандағы қазақ, қырғыз, тәжік, түрікмен, әзербайжан, беларус, орыс, татар және башқұрт мәдени орталықтарының өкілдері қатысты.
Қазақстан делегациясы құрамында: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Қыдыр Төрали, Қазақстан Жазушылар одағы Поэзия кеңесінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Қаирбеков Әділғазы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Шыршық қаласындағы филиалының ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қожамжарова Дария, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, «Абайтану» орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Ысқақұлы Дандай, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университеті жанындағы «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ақжол Қалшабек болды.
Сонымен қатар өзбек абайтанушысы, А. Навои атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінің кафедра профессоры Баходир Каримов, Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің қолдауымен жарық көрген «Абай Маарифаты» («Абайдың ағартушылығы») атты өзбек тіліндегі кітабын таныстырды.
Қатысушылар Абай шығармашылығы – Орталық Азияның ортақ қазынасы, халықтарды ортақ құндылықтар, тарихи жады және білімге ұмтылыс негізінде біріктіретін мұра екенін атап өтті. Конференция ғылыми пікіралмасу мен мәдени интерпретациялар алаңына айналып, жастар, ғылыми қауымдастық және кең ауқымды аудитория арасында оның идеяларын насихаттауға бағытталған практикалық бастамаларды талқылау мүмкіндігін берді.
Конференция барысында Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов құттықтау сөз сөйлеп, Орталық Азия халықаралық институтына қазақ-өзбек мәдени диалогы мәселелеріне ерекше көңіл бөлгені үшін шынайы алғыс білдірді. Сондай-ақ «Абайдың мерейтойы – ұлттық ауқымды ғана емес, жалпы өркениеттік мәнге ие оқиға, өйткені Абай өз шығармашылығында араб, парсы, түркі, орыс және батыс еуропалық ойды тоғыстыра отырып, Шығыс пен Батыс арасындағы шынайы көпір бола алды» деп атап өтті. Елші Абайдың исламдық-шығыстық және орыс-еуропалық философияны біртұтас гуманистік тұжырымдамаға біріктіргенін айта келе, бұл идеялар халықтар арасындағы рухани байланыстарды нығайтуға қызмет ететінін жеткізді.
Іс-шара барысында Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» және басқа да әндері Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Башқұртстан және Татарстанның халық әртісі Жеңісбек Пиязовтың, сондай-ақ белгілі өзбек әншілері Дониёр Ғоипов пен Ақылбек Пиязовтың орындауында шырқалды.