Astana Finance Days шеңберінде Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова бастаған делегациясы Венгрия Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Чаба Кандрач мырзамен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тараптар банк саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, сондай-ақ цифрлық активтер мен криптовалюталарды таратуға, таратылған тізілімдер технологияларын енгізуге, алаяқтық тәуекелдерінің артуына және дәстүрлі және инновациялық қатысушылар арасында реттеушілік алшақтықтардың пайда болуына байланысты қаржылық реттеудегі сын-қатерлерді талқылады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Венгрияға мемлекеттік сапары барысында бұған дейін Агенттік пен Венгрия Ұлттық Банкі (Magyar Nemzeti Bank) арасында Банк ісі саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Қол қою рәсімі 2024 жылғы 20 қарашада екі ел басшылығының қатысуымен өтті.
Құжат банктерді Базель комитетінің стандарттарына сәйкес тиімді трансшекаралық қадағалауды дамытуға бағытталған және Агенттік пен Венгрия Ұлттық Банкі арасындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.