Астанада тәрбие мәселелері жөніндегі Халықаралық ұйым құру талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Астанада Азия, Еуропа және Қазақстанның профессорлары мен сарапшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Талқылаудың басты тақырыбы – үйлесімді, жауапты және бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға бағытталған президенттік «Адал Азамат: біртұтас тәрбие» бағдарламасы болды.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, екі жыл ішінде бағдарламаны жүзеге асыру аясында алты негізгі бағыт пен 77 қадамнан тұратын біртұтас тәрбие экожүйесі құрылды. Тәрбие жұмысына сынып жетекшілері, ата-аналар мен психологиялық қызметтер белсенді қатысуда.
2023 жылдан бастап мектептер жанынан Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары, ал өңірлерде Психологиялық көмек орталықтары жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде ата-аналардың оқу-тәрбие процесіне қатысу деңгейі үш есеге артқан. Қазір ата-аналар комитеттерін трансформациялау жұмысы жүріп жатыр, ал қараша айында «мектеп – ата-ана – қоғам» ынтымақтастығын нығайтудың жаңа алаңына айналатын алғашқы Республикалық форум өтеді.
«Бүгінгі қазақстандық мектептің міндеті тек білімді шәкірт тәрбиелеу ғана емес, рухани биік, моральдық қасиеттері орныққан, қоғам игілігіне адал қызмет етуге дайын жауапты тұлғаны – Адал Азаматты қалыптастыру. Балалар жастайынан еңбекті қадірлеуді, адалдықты, әділеттілікті әрі жауапкершілікті бойына сіңіріп өседі. Бұл қасиеттер – еліміздің жарқын болашағының берік іргетасы» Ғани Бейсембаев
Оның айтуынша, бағдарламаның құндылықтары оқу процесіне кіріктірілген және пәндердің мазмұнында, сынып сағаттарында, сыныптан тыс іс-шараларда көрініс тапқан. Сондай-ақ мектептерде «Адал Азамат» қағидаттарына негізделген бірыңғай дизайн-код кезең-кезеңімен енгізілуде.
Өз кезегінде халықаралық сарапшылар қазақстандық тәрбие моделін жоғары бағалады. Ұлыбританиялық профессор Том Харрисон Қазақстан тәжірибесі ұлттық құндылықтар мен жаһандық үрдістерді үйлесімді ұштастыратынын атап өтті. Ал сингапурлық профессор Ляо Шао Цзюнь дәстүр мен инновацияны, ұлттық басымдықтар мен әлемдік үздік тәжірибелерді қатар дамытуға мүмкіндік беретін мұндай тәсілдің стратегиялық маңызына басымдық берді.
Іс-шара қорытындысы бойынша Сингапур және Ұлыбританиямен бірлесіп Халықаралық тәрбие жөніндегі ұйым құру жұмысы басталатын болды.
«Бүгінде тәрбие мәселесі әлемдік деңгейде аса өзекті тақырыпқа айналды. Қазақстан өз ішінде жүйелі қадамдар жасап қана қоймай, тәжірибесін халықаралық қауымдастықпен бөлісуге әзір. Ал Халықаралық ұйым құру бастамасы жаңа ғылыми ізденістер мен ортақ жобалардың дамуына жол ашады» Ғани Бейсембаев
Естеріңізге сала кетейік, «Адал Азамат» бағдарламасы «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» бастамасының жалғасы болып табылады. Оның қайта жаңартылған мазмұны Мемлекет басшысының «Адал Азамат – Адал еңбек – Адал табыс» идеологиялық тұжырымдамасына негізделген. Биылғы 1 қыркүйектен бастап бағдарлама елдегі барлық білім беру ұйымдарында, соның ішінде жекеменшік мектептерде де енгізілуде.