БАӘ-де Қазақстанның жасанды интеллект дәуіріндегі бастамаларының маңыздылығы атап өтілді

1199
Фотосурет: Gov

Абу Дабиде Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға сараптамалық қауымдастық өкілдері мен болу еліндегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты.

Іс-шараның ашылуында Қазақстанның БАӘ-дегі Елшісі Рауан Жұмабек Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауындағы негізгі басымдықтарды атап өтіп, елде жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық өзгерістер туралы қатысушыларға жан-жақты ақпарат берді.

Қатысушылардың назарына реформалардың келесі бағыттары ұсынылды: бір палаталы Парламентке көшу, жасанды интеллект пен цифрлық даму мәселелері жөніндегі жеке ведомство құру, экономиканы әртараптандыру, атом электр станцияларын салу, әлеуметтік саланы қолдау және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту.

Қазақ дипломаты Жолдауды жүзеге асыру шетелдік серіктестер мен инвесторлар үшін, соның ішінде аталған салаларда бірлескен жобаларды құруда кең мүмкіндіктерге жол  ашатынын атап өтті.

Дөңгелек үстел қатысушылары Қазақстандағы өзгерістерге үлкен қызығушылық танытып, Жолдауда Президент көтерген мәселелердің өзектілігіне тоқталды.

«Media Hub International» компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Абдулрахим Абдулвахид  Жолдаудағы көптеген ережелер қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерді бейнелейтінін және Қазақстан мен БАӘ арасындағы ақпараттық технологиялар мен цифрлық коммуникациялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін кең мүмкіндіктер ашатынын мәлімдеді.

БАӘ Ұлттық кітапханасы мен архивінің білім беру жөніндегі кеңесшісі Хусния Әл Али  Қазақстан бастамаларының білім беруді цифрландыру мен кадрлар даярлаудағы маңыздылығын атап өтті. Оның пайымдауынша, Қазақстанның цифрлық экожүйелерді қалыптастыру тәжірибесі академиялық және мәдени алмасуда әмірліктердің серіктестері үшін пайдалы болмақ.

Халед Мубарак Әл Кенди, «Emirates Global Education Investment Group» аналитикалық-білім беру орталығының бас директоры, Жолдаудағы адам капиталын дамытуға және инновацияларды енгізуге жасалған басымдықтар бірлескен білім беру және инвестициялық жобаларды іске асырудың жаңа мүмкіндіктерін ашатынына сенім білдірді.

Мәдени дипломатияның халықаралық институтының (IICD) төрағасы Мохаммед Камиль Әл-Муайни, Президент Қ. Тоқаевтың Жолдауы ішкі реформаларды жаһандық күн тәртібімен ұштастыратынын және Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына берік екенін атап өтті. Ол мәдени дипломатия мен гуманитарлық байланыстардың екіжақты ықпалдастықты одан әрі тереңдетудің маңызды бағыты бола алатынын жеткізді.

Іс-шара соңында қатысушылар Қазақстан мен БАӘ арасындағы стратегиялық серіктестіктің Президент Жолдауында белгіленген басымдықтармен толық үйлесетінін атап өтті. Экономика, білім, инновациялар және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық тәжірибесі екі ел халықтарының мүддесіне сай жаңа кезеңге жол ашатынына сенім білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -