Губада Екінші қазақ-әзербайжан туристік форумы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, Губа қаласынан сайланған Милли Мәжіліс депутаты Алибала Магеррамзаде, Әзербайжан Туризм жөніндегі мемлекеттік агенттігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері және екі елдің 56 туристік компанияларының өкілдері Екінші қазақ-әзербайжан туристік форумына қатысты.
Ә. Байел өз сөзінде екі бауырлас ел арасындағы туристік трафиктің өскенін қанағаттанушылықпен атап өтті. Дипломат Әзербайжанға Орталық Азиядан келетін барлық туристердің шамамен 50%-ы Қазақстанның үлесіне тиетініне назар аударды. Қазақстан Әзербайжанға келетін туристер саны бойынша Ресей, Түркия, Үндістан, Иран және Грузиядан кейін 6-шы орында. Әзербайжан қазақстандықтарды көркем табиғатымен, мәдени және тіл жақындығымен, сондай-ақ тұрақты тікелей әуе рейстерінің болуымен қызықтырады.
Қазақ дипломаты қазақ-әзербайжан инвестицияларын тарта отырып, Қазақстандағы Алакөл жағасында санаторий-курорттық кешеннің салынуы жоспарланып отырғанын атап өтті. Заманауи кешеннің құрылысы екі елдің туристік саладағы ынтымақтастығында маңызды меже болмақ.
А. Магеррамзаде Қазақстаннан Әзербайжанға ғана емес, кері бағытта да туристер ағынын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Парламентарий туристік сала екі халықты жақындастыруда, бір-бірінің мәдениеті мен дәстүрлерін зерделеуде маңызды рөл атқаратынына сенімді. Әзербайжан Туризм жөніндегі мемлекеттік агенттігінің, Қазақстан мен Әзербайжанның туристік компанияларының, сондай-ақ «AirAstana» әуе компаниясының өкілдері өз қызметтері мен туристік пакеттері, екі елдің табиғи сұлулығы мен көрікті жерлері туралы айтып берді.
Іс-шара аясында B2B кездесулер ұйымдастырылып, қазақстандық қонақтарға серуендер арқылы Губа аймағының туристік әлеуеті паш етілді.
Алғашқы туристік форум 2024 жылы Қазақстанның Бакудағы Елшілігінде өтіп, екі елдің туристік секторы өкілдерінің қызығушылығын тудырған болатын. Екі ел арасындағы туристік ағындар бір жылда айтарлықтай өсті. Мәселен, Әзербайжан туризм жөніндегі мемлекеттік агенттігінің статистикасына сәйкес ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында Әзербайжанға 59 мыңға жуық қазақ турист келді. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 58%-ға жоғары. Қазіргі таңда Қазақстанға келген әзербайжандықтардың саны 48%-ға өскен.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйекте жариялаған жыл сайынғы халыққа Жолдауында туризм инфрақұрылымын кешенді дамыту Үкіметтің негізгі басымдықтарының бірі екенін мәлімдеді.