Мәскеуде ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, қоғамдық-саяси, ғылыми-білім беру және сараптамалық топтарының өкілдері қатысты.
Кездесуді аша отырып, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев осы жолғы Жолдауда Мемлекет басшысы әлеуметтік мәселелерді шешу, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарының жұмысын одан әрі жақсарту қажеттілігіне, сондай-ақ цифрлық технологияларды дамытудың маңыздылығына басымдық бергенін атап өтті. Елші мемлекеттік жүйенің дамуын және қазақстандықтардың саяси мәдениетінің өсу деңгейін ескере отырып, ел дамуының негізгі мәселелері халықтың талқылауына шығарылатынын еске салды.
Өз тарапынан Мемлекеттік Думаның депутаты Владимир Павлов Жолдаудың көптеген міндеттері ресейлік міндеттермен үндесетініне назар аударды. Мәселен, егемендік пен аумақтық тұтастықты нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмысшы мамандықтарға басымдық беру, көші-қон және әлеуметтік инфрақұрылымға жүктемелер мәселелерін шешу, ол үшін жаңа тәсілдер, атап айтқанда цифрландыру және жасанды интеллектті қолдану қажет. В.Павлов сонымен қатар, өзінің парламент мүшесі ретінде парламенттік реформа ұсынысына қызығушылық танытқанын айтты. «Ресей үшін бұл өте қызықтыратын тәжірибе, соның негізінде біз қорытынды жасайтын боламыз», – деді депутат.
«Справедливый Мир» институтының Геосаясат жөніндегі сараптамалық кеңесінің жетекшісі, саясаттану ғылымдарының докторы, Владимир Грачев та Жолдауда ерекше атап өтілген міндеттердің Қазақстан мен Ресей үшін ортақ екеніне назар аударды. Бұл - цифрлық теңгені енгізу, криптоактивтер мәселелері, онлайн-алаяқтыққа қарсы күрес, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл. Сондай-ақ, Ресей дипломатиялық қызметінің ардагері БҰҰ Бас Ассамблеясының алдағы мерейтойлық сессиясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан осы Ұйымның дәліздерінен өткен адам ретінде оны реформалау жөніндегі ұсыныстарын қызығушылықпен күтетінін мойындады.
Ресейдің Сауда-өнеркәсіп палатасының (СӨП) вице-президенті Дмитрий Курочкин Жолдаудағы бағдарларды маңызды, түсінікті және Ресей экономикасы үшін жақын деп атады. Ол СӨП жүйесінде Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығынан үлкен әлеуетті көретінін атап өтіп, инвестициялар мен өнеркәсіптік кооперация саласында мысалдар келтірді. Олардың ішінде Д. Курочкин ресейлік «Ростсельмаш» компаниясы мен бірқатар Беларусь кәсіпорындарының қатысуымен Қазақстанда комбайндарға арналған кабиналар өндірісі бойынша «КазРост» жобасын атады.
Еуразиялық экономикалық комиссияның Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры Ернар Бакенов Жолдаудың негізгі тақырыбы цифрландыру және жасанды интеллектті қолдануға байланысты болғанын атап өтті. «Бұл болашаққа деген көзқарас, өйткені экономиканың барлық секторларында цифрландыру мен жасанды интеллектті қолдану деңгейі жоғары, сондай-ақ тұрақты және дамыған логистикасы бар елдер алдыңғы қатарда болады. Сондықтан ЕЭК-те цифрлық күн тәртібі аясында цифрлық көлік дәліздерін құру зерттелуде», – деп атап өтті ол.
Жолдауда айтылған цифрлық күн тәртібінің маңыздылығы туралы Бүкілресейлік сыртқы сауда академиясының проректоры Наталья Волчкова айтып өтті. Ол осы саланың Қазақстандағы даму деңгейіне жоғары баға берді. Оның мәліметінше, соңғы 5 жылда Республикада қолма-қол ақшасыз төлемдер өскен, финтех-стартаптар саны 4 есеге артқан (олардың үлесіне венчурлық қаржыландырудың 40% тиесілі), қаржы ұйымдарының 30% астамы жасанды интеллектті енгізуде. «Бұл ретте цифрлық күн тәртібі энергиясыз дами алмайды. Мұны қатар дамытатындар әлемдік бәсекелестікте жеңіске жетеді, және де Қазақстан бұл тұрғыда өте орынды әрекет етуде», – деп атап өтті Н. Волчкова.
Ресей Ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институтының Орталық Азия зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Александра Перминова Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллект бойынша жеке ведомство құру туралы шешімін тарихи деп атады. Оның айтуынша, цифрлық шешімдердің маңыздылығы туралы жиі және көп айтылды, бірақ Қазақстан бірінші болып жасап отыр. Ол Қазақстан мен Ресейдің түрлі форматтарда цифрлық саладағы ынтымақтастығында үлкен перспективалар көретінін атап өтті.
Ғылыми-зерттеу қаржы институтының директоры Глеб Покатович Жолдауды іске асыру рәсімдер, ережелер, шығындар тиімділігін қамтамасыз ету тәртібі тұрғысынан елеулі бюджеттік жұмысты талап ететінін атап өтті. Осы тұрғыда сарапшы Жолдаудың цифрлық теңгені енгізу, ғылымға жұмсалатын шығыстарды қайтару, әлеуметтік қолдау сияқты негізгі қағидаттарына қызығушылық танытты.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, қатысушылар бұл Жолдаудың жүйелі, кешенді сипатын көрсете отырып, оның нақты міндеттер белгіленген жұмыс жол картасы болып табылатынын атап өтті және олардың табысты іске асырылатынына сенім білдірді.