Қазақстан мен Гонконгтың авиациялық билігі арасында келіссөздер өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі халықаралық бағыттар бойынша ұшу географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын арттыру мақсатында тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді.
2025 жылғы 12 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Гонконгтың Көлік және логистика бюросы арасында әуе қатынасы мәселелері бойынша келіссөздер өтті.
Қазақстан делегациясына Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, ал Гонконг делегациясына Гонконгтың Көлік және логистика бюросының Бас хатшысының көмекшісі Келвин Ма жетекшілік етті.
Келіссөздердің нәтижесінде, әр елдің әуекомпаниялары үшін рейстер саны аптасына 7-ден 14-ке дейін ұлғайтылды. Оның ішінде аптасына 7 рейс «ауа кеңістігінің бесінші дәрежелі еркіндігі» қағидасы бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл қазақстандық тасымалдаушылар үшін Гонконг әуежайының әлеуетін пайдалануға, сондай-ақ гонконгтық әуе компанияларына қазақстандық әуежайларды қолдануға мүмкіндік береді.
Келіссөздер барысында гонконгтық «Cathay» әуекомпаниясының өкілі жаңа әуе кемелерінің келуінескере отырып, Қазақстан Республикасына тікелейрейстер ашу жоспары бар екенін жеткізді.
Құқықтық базаның кеңейтілуі мен әуе қатынасының қайта жандануы елдер арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.
«Cathay» әуе компаниясы – әлемдегі ең ірі жолаушылар мен жүк тасымалдаушы әуе компанияларының бірі. Әуе компаниясы әлем бойынша 100-ден астам бағытқа ұшады. Ұшақ паркі 170-тен астам әуе кемесінен тұрады және компания қазіргі таңда ұшақтар санын одан әрі арттыру жұмыстарын жүргізуде.