2025 жылғы 19 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Армения вице-премьері Мгер Григорянның төрағалығымен Экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi үкiметаралық қазақстан-армян комиссиясының 11-отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бейнеконференция форматында тараптар сауда-экономикалық әріптестікті дамыту, инвестициялық өзара іс-қимыл, көлік, коммуникация, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастық сияқты көптеген мәселені талқылады.
Армения – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы маңызды серіктесі. Екі ел арасында берік саяси диалог орнатылып, гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып келеді. Мемлекетаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған басшылық саясаты екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етіп отыр.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы шамамен $36 млн-ға, ал биылғы қаңтар–шілде айларында $28,7 млн-ға жетті.
«Біз сауда көлемін одан әрі арттыруға айтарлықтай әлеует бар екенін көріп отырмыз. Біздің бағалауымыз бойынша, Арменияға экспорттың қосымша мүмкіндіктері ең алдымен, металлургиялық, мұнай-химия, химиялық және тамақ өнімдерін жеткізу есебінен шамамен $350 млн болуы мүмкін» Серік Жұманғарин
Көлік саласындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді. Армения әуе компанияларына қолданыстағы «ашық аспан» режимі аясында «әуе еркіндігінің» 5-ші деңгейін пайдалану құқығымен Қазақстанға тікелей рейстер орындау ұсынылды. Қазақстан тарапы Еревандағы әуежай алымдарының құнын төмендетуге қызығушылық білдірді.
Инвестициялық салада Қазақстан Атырау және Маңғыстау облыстарында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және оларды әрі қарай Арменияға экспорттауға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ ынтымақтастықтың Жол картасына енгізілген зергерлік өнеркәсіпті дамыту жөніндегі армян тарапының бастамасы да қолдау тапты.
Мгер Григорян Арменияның Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Армения бағыты бойынша мультимодальды жүк тасымалдарына арналған көлік дәлізін құру жобасын қолдайтынын атап өтті. Сонымен қатар ол Қытай – Қазақстан – Өзбекстан – Түрікменстан – Иран – Армения бағыты бойынша тасымалдардың қатар жүргізіліп жатқанын, бұл екі ел арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды дамытуға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсететінін айтты. Оның сөзінше, бұл тасымалдар, әсіресе армян кәсіпкерлерінің «Қорғас» ШЫХО мүмкіндіктеріне деген қызығушылығын ескере отырып, тұрақты сипатқа ие болуы мүмкін.
Бұдан бөлек, астық жеткізу мәселесі талқыланды. Қазақстан өсіп келе жатқан көлем мен географияны ескере отырып, Арменияға бидай жеткізуге дайын екенін растады.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар Экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi үкiметаралық қазақстан-армян комиссиясының 11-отырысының хаттамасына қол қойды.