Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының жалпы пікірсайысында сөз сөйлеп, Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік, халықаралық институттарды реформалау және тұрақты даму мәселелеріндегі көзқарасын таныстырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
БҰҰ және Қауіпсіздік Кеңесін реформалау
Президент көпжақты институттарға сенім дағдарысының күшейіп келе жатқанын атап өтіп, батыл өзгерістер қажет екенін айтты:
«Біріккен Ұлттар Ұйымын жан-жақты реформалау — бұл стратегиялық қажеттілік, шексіз ойланатын тақырып емес».
Ол Қауіпсіздік Кеңесін реформалауға ерекше назар аударды:
«Азияның, Африканың және Латын Американың ірі мемлекеттері ротация негізінде Қауіпсіздік Кеңесінде өкілдік етуі тиіс. Қазақстан жауапты орта державалардың дауысы да айтарлықтай күшеюі қажет деп санайды».
Бейбітшілік пен қауіпсіздік
Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік архитектурасын нығайтудың маңыздылығын атап өтті:
«2024 жылы әлемдік әскери шығындар рекордтық 2,7 триллион долларға жетті. Зорлық-зомбылық адамзатқа шамамен 20 триллион долларға түсуде».
Ол ядролық державалар арасындағы диалогты жандандыруға шақырып, Қазақстанның қарусыздану келіссөздеріне алаң ұсынуға дайын екенін жеткізді:
«Қазақстан ядролық қарусыздану және таратпау жөніндегі жаңа диалогты қабылдауға дайын».
Қақтығыстар және дипломатия
Тоқаев Украинадағы дағдарыс пен Газадағы гуманитарлық апатқа алаңдаушылық білдіріп, саяси икемділік пен дипломатиялық шешімдердің қажеттігін атап өтті:
«Осы қағидатты басшылыққа ала отырып, Қазақстан әрдайым эскалацияға емес, дипломатияға, күшке емес, диалогқа жүгінеді».
Сондай-ақ ол Әзербайжан мен Армения арасындағы қатынастардың қалыпқа келе бастағанын атап өтіп, ұзаққа созылған дауларды да дипломатиялық жолмен шешуге болатынын жеткізді.
Орталық Азия және инвестициялар
Президент Орталық Азияның халықаралық ынтымақтастықтың жаңа алаңы ретіндегі рөлін атап өтті:
«Орталық Азия бестігі ынтымақтастықты нығайтып, өңірлік бірліктің даму мен қауіпсіздіктің қуатты күші бола алатынын дәлелдеуде».
Ол тәуелсіздік жылдарында Қазақстан 400 млрд доллардан астам инвестиция тартқанын еске салып, «Бір белдеу, бір жол», «Солтүстік–Оңтүстік» дәліздері мен Транскаспий бағытын қоса алғанда, транзиттік маршруттарды дамыту жалғасатынын айтты.
Климат және экология
Тоқаев Орталық Азиядағы климаттық сын-қатерлердің өткірлігін атап өтті:
«Орталық Азия ғаламдық орташа көрсеткіштен екі есе жылдам жылып барады. Алатау мұздықтарының еруі су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатерді бірнеше есе арттырады».
Президент Аралды құтқару, Каспийді қорғау бастамаларына тоқталып, Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Планетаны көгалдандырудың халықаралық күні деп жариялау жөнінде қарар қабылдауды ұсынды.
Жасанды интеллект және цифрландыру
Президент цифрлық дамуды Қазақстанның стратегиялық басымдығы деп атады:
«Біздің стратегиялық мақсатымыз — үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру».
Ол ұлттық суперкомпьютердің іске қосылғанын, жасанды интеллектінің кеңінен енгізіліп жатқанын атап өтіп, этикалық нормалардың және технологияға тең қолжетімділіктің маңызын жеткізді.
Саяси және экономикалық реформалар
Тоқаев Қазақстандағы ауқымды өзгерістер туралы айтты:
«Соңғы үш жылда біз аймағымыз үшін бұрын-соңды болмаған саяси және экономикалық реформалар жүргіздік».
Ол бір реттік жетіжылдық президенттік мерзімнің енгізілгенін және саяси жүйені жаңғырту курсының жалғасып жатқанын еске салды:
«Біз „Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет“ формуласын ұстанамыз».
Сөзінің соңында Тоқаев Қазақстанның бейбітшілік пен ынтымақтастық саясатына адалдығын растады:
«Біздің таңдауымыз – үстемдік емес, теңгерім; қақтығыс емес, ынтымақтастық; соғыс емес, бейбітшілік».
Ол БҰҰ-ның «бейбітшілік, әділет және ынтымақтастықтың шамшырағы» ретіндегі рөлін нығайтуға шақырды.