Қазақстан мен Португалия саяси және мәдени байланыстарды кеңейтуде

1287
Фотосурет: Gov

Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Жан Ғалиев Португалия Республикасының Ассамблеясы Төрағасының дипломатиялық кеңесшісі Изабель Пештанамен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сұхбат барысында Мемлекет басшысының «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құру бағытындағы жаңашыл қадамдардың нәтижелері әңгіме болды. Елші Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы стратегиялық басымдықтарға тоқталды.

И.Пештана Португалия Парламентінің Қазақстандағы оң өзгерістерді зор қызығушылықпен бақылап отырғанын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді жаңғырту, құқық үстемдігін нығайту жолындағы қажырлы еңбегін жоғары бағалайтынын айтты.

Тараптар Қазақстан мен Португалия арасындағы ынтымақтастықтың ең әлеуетті бағыттарын - ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп, туризм, спорт, көлік пен логистика, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект, су ресурстары мен білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастық перпсективаларын талқылады. Экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мен жандандыру аясында португалдық тарап тікелей әуе қатынасын ашу идеясын қолдады.

Кездесуде қазіргі геосаяси жағдай бойынша пікір алмасылып, халықаралық құқық нормаларын сақтау, қақтығыстарды тек дипломатиялық жолмен реттеу және шиеленіс аймақтарында бейбітшілікті ілгерілету үшін парламенттік тетіктерді қолданудың маңыздылығы аталып өтті. Елші Қазақстанның халықаралық аренадағы белсенді қызметі мен Мемлекет басшысының Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясына қатысу қорытындылары туралы ақпарат берді.

Кездесу соңында португалдық дипломат Ассамблея Төрағасы Жозе Педру Агиар-Бранкуның Қазақстанға сапармен баруға ниетті екенін растады. Тараптар тұрақты байланыстарды қолдап, парламенттік дипломатия аясында екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты қолда бар әлеует пен жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып ілгерілетуге келісті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -