Жапонияның Нагоя қаласында 2026 жылғы Аичи-Нагоя Азия ойындарына қатысушы елдердің делегация жетекшілеріне арналған семинар өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті атынан Спорт департаментінің бас менеджері Роман Теміржанов пен Халықаралық байланыстар департаментінің бас менеджері Татьяна Богословская қатысты.
Азиаданы ұйымдастырушылар логистика, көлік қозғалысы, командаларды орналастыру, аккредитация, медициналық және допингке қарсы қызметтер, тамақтану, ресми рәсімдер мен БАҚ-пен жұмыс секілді дайындықтың негізгі бағыттары туралы жан-жақты баяндады.
Сонымен қатар қатысушылар билет сату жүйесімен және Ойындар брендингін қорғау ережелерімен танысты.
Спортшылардың тұратын жағдайына ерекше назар аударылды. Нагояда дәстүрлі Олимпиада қалашығын салу жоспарланбаған.
Қатысушылардың бір бөлігі порттағы круиздік кемеде, ал қалғаны арнайы жабдықталған тұрғын үйлер мен қонақүйлерде тұрады. Қазақстандық делегация спортшылар сынға түсетін және орналасатын нысандарды өз көзімен аралап көрді.