Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Минск қаласында (Беларусь Республикасы) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше елдердің үкіметтері басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жиынға Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Идаят оғлы Асадов, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Тәжікстан Премьер-министрі – ТМД ұйымына мүше елдердің үкіметтері басшылары кеңесінің төрағасы Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамырат Гельдымырадов, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев келді, ал Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян бейнеконференция байланысы арқылы қатысты.
Шағын форматта делегация басшылары ғылыми-технологиялық саладағы ынтымақтастық пен экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері туралы пікір алмасты.
Қазақстан Премьер-министрі өз сөзінде ТМД ынтымақтастық пен бірлескен өзара тиімді шешімдер үшін сенімді алаң болып қала беретінін атап өтті. Достастық елдерінің ЖІӨ-дегі жиынтық көлемі жыл сайын орта есеппен 4,5%-ға өсіп отыр. Бес жыл ішінде ішкі сауда 40%-ға артты. Өткен жылы еліміздің ТМД мемлекеттерімен жалпы тауар айналымы $37,3 млрд-ты құрады, соның ішінде қызметтер саудасының көлемі 9,4%-ға артып, $4,3 млрд-қа жетті.
Тұрақты өсу және бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі нығайта түсу маңызды. Бұл ретте мүше мемлекеттердің биржалық сауда тетіктерін жетілдіру бойынша жүргізіп жатқан кешенді жұмысы іскерлік белсенділікті ынталандыруға қосымша серпін береді.
Экономиканың қарқынды өсуін қамтамасыз ету үшін цифрлық трансформацияны арттыру және жасанды интеллектіні енгізу саласындағы ынтымақтастыққа баса назар аударылып отыр.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында Қазақстанның толыққанды цифрлық елге айналуын таяудағы үш жылдың стратегиялық басымдығы ретінде айқындап берді. Біз мемлекеттік басқарудың барлық саласын қамтитын цифрлық күн тәртібін қарқынды түрде дамытып жатырмыз. Бұл түрлі әлеуметтік мәселені және азаматтардың күнделікті өмірінің көптеген аспектісін шешуге мүмкіндік береді. Біз отандық цифрлық өнімдерді экспорттауға ерекше назар аударамыз. Қазақстан жинақтаған тәжірибесін шетелдік серіктестерімен кеңінен бөлісіп келеді, Достастық бойынша әріптестерімен де осы бағыттағы ынтымақтастықты дамытуға дайын» Олжас Бектенов
Жиында көлік-транзиттік әлеуетті жаңғырту, ШОБ-ты қолдау, орман ресурстарын ұтымды пайдалану және ағаш өңдеуді дамыту саласындағы өзара іс-қимылға да назар аударылды. Экологиялық материалдарға әлемдік сұраныстың өсуіне байланысты шикізат экспортынан қосылған құны жоғары өнім өндірісіне көшудің де маңыздылығы атап өтілді.
ТМД ұйымына мүше елдердің үкіметтері басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы жиынында ғылыми-технологиялық даму, негізгі мультимодальды көлік дәліздерін цифрландыру, энергетика, орман шаруашылығы және орман өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, экология, ветеринария және тағы да басқа салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша халықаралық бірқатар құжатқа қол қойылды, олардың ішінде:
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 2026–2035 жылдарға арналған ғылыми-технологиялық даму стратегиясы;
- ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2035 жылға дейінгі кезеңге арналған ақпараттық қоғам мен цифрлық экономиканы дамытудағы ынтымақтастық стратегиясы;
- ТМД-ға мүше мемлекеттердің негізгі мультимодальды көлік дәліздерін цифрландыру стратегиясы;
- Шегірткенің жаппай таралып кетуінің алдын алу жөніндегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің ынтымақтастығы туралы келісім;
- ТМД-ға мүше мемлекеттердің құрылыс қызметіндегі баға белгілеу тұжырымдамасы және тағы да басқалар.
ТМД ұйымына мүше елдердің үкіметтері басшылары кеңесінің келесі отырысы 2026 жылдың бірінші жартысында Ашхабад қаласында (Түрікменстан) өтеді.