БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі Алматыда алғашқы «Шексіз армандар» атты қайырымдылық UNICEF Gala кешінің бағдарламасы мен тұжырымдамасын ресми түрде таныстырды. 2025 жылғы 28 қарашада өтетін бұл кеш жасөспірімдердің менталды (психикалық) денсаулығын нығайтуға арналған ұлттық бағдарламаны қаржыландыру үшін бизнес, мәдениет және медиа көшбасшыларының басын қосады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кештің негізгі мақсаты — жасөспірімдерді қолдаудың кешенді жүйесінің ауқымын кеңейтуді қамтамасыз ету: толық іске қосылған кезде бағдарлама 50 500 маманды оқытып, бүкіл ел бойынша 140 000 жасөспірімді қамтуға есептелген; күрделі қажеттіліктері бар 10 000-ға дейінгі жасөспірім жедел мамандандырылған қолдау алады.
Неліктен бұл маңызды — сандар мен нәтиже
Гала-формат өз тиімділігін дәлелдеді: былтыр Астанада өткен ЮНИСЕФ-тің қайырымдылық кешінде 92 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Бұл қаражат цифрлық инклюзия бағдарламасына бағытталып, нақты жабдықтарды жеткізуге және мамандарды оқытуға жұмсалды. Осы қаражатқа ЮНИСЕФ Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы мектептерге планшеттер, ноутбуктер, бейімделгіш функциялары бар смартфондар, Брайль дисплейлері, арнайы пернетақталар, баламалы коммуникация қосымшаларына лицензиялар және басқа да құрылғылар жеткізді, сондай-ақ мыңнан астам педагог пен ассистентті даярлаудан өткізді.
2025 жылы Гала-кештің негізгі назарында менталды денсаулықты қолдаудың жүйелі бағдарламасы болды. Бұл бағдарлама мектептерде ерте анықтау мен әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларға үйретуден бастап, психологиялық қиындықтарға тап болған жасөспірімдерге арналған өңірлердегі жеке және топтық терапия сессияларына дейінгі шараларды қамтиды. ЮНИСЕФ мұны елдің адами капиталына салынған ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырады: жасөспірімдердің денсаулығына қамқорлық жасау және алдын алу шаралары білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік тұрақтылық көрсеткіштеріне тікелей әсер етеді.
Алматыдағы тұсаукесерде не жарияланды
3 қазанда The Ritz-Carlton, Almaty қонақүйінде өткен тұсаукесерде ұйымдастырушылар кештің бағдарламасын, аукцион форматын және мәдени бөлігін таныстырды. Биыл Гала-кешке өңірдегі ең танымал стендап-комиктердің бірі, халықаралық фестивальдердің қатысушысы Нұрлан Сабуров және журналист, қоғам қайраткері әрі fashion-кәсіпкер Динара Сәтжан қайтадан тегін негізде қолдау көрсетеді.
Кештің музыкалық хедлайнері — ұлттық сарын мен заманауи үнді үйлестірген хиттердің авторы, жаңа қазақстандық сахнаның ең жарқын әртістерінің бірі ALEM болады. Сонымен қатар, бірегей вокалдық тембрінің иесі, әнші және халықаралық байқаулардың лауреаты Александр Лим арнайы өнер көрсетеді.
Ұйымдастырушылар мәдени бағдарлама мұнымен шектелмейтінін атап өтті: басқа да жұлдызды қонақтар күтілуде, бірақ тосынсый ретінде олардың есімдері әзірге құпия сақталады.
ЮНИСЕФ пен The Ritz-Carlton, Almaty арасындағы серіктестік туралы келісім ерекше атап өтілді: тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, қонақүйдің бастаманы қабылдаушы тарап және ресми серіктес ретіндегі қолдауын бекітті.
Кімдер қатысып үлгерді және қалай қолдауға болады
Расталған серіктестер мен қатысушылардың қатарында Нұрлан Смағұлов қоры, Бауыржан Сагиев, сондай-ақ қайырымдылық аукционына лоттар ұсынуға дайын қоғам қайраткерлері бар.
Жобаға билет немесе корпоративтік үстел сатып алу арқылы қолдау көрсетуге болады.
«Алматы бүгін ЮНИСЕФ-тің гала-кештерін өткізудің жаһандық дәстүріне ресми түрде қосылып отыр. Бұл — қауымдастықтың қолдауға мұқтаж жандар үшін бас қосатын «жылу жинау» дәстүрінің заманауи көрінісі. Біздің мақсатымыз — ешбір баланың немесе жасөспірімнің арманы жалғыздық пен қолдаудың жоқтығынан үзілмеуі», — деп мәлімдеді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі д-р Рашед Мустафа.
ЮНИСЕФ, БҰҰ-ның балалар істері жөніндегі агенттігі, әлемнің 190-нан астам елі мен аумағында әрбір баланың құқығын қорғау үшін жұмыс істейді. Біз әрбір баланың ерте жастан бастап өмір сүріп, дамып, өз әлеуетін толық жүзеге асыруы үшін жағдай жасауға тырысамыз.
Жобаны қолдау үшін билет немесе корпоративтік үстел сатып алуға болады.