Қазақстан Mediterranean Business Forum алаңында цифрлық даму мен инновацияларды ілгерілетуде

2101
Фотосурет: Gov

Қазақстан Адриатикадағы ірі бизнес алаңында таныстырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасының Хорватиядағы Елшісі Дәулет Батырашев «Mediterranean Business Forum» (MBF.HR) халықаралық бизнес форумының жұмысына қатысты. Аталған форум – Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Еуропалық Одақ елдерінің бизнес көшбасшылары, кәсіпкерлері, мемлекеттік органдар мен сарапшылық қауымдастық өкілдері инвестициялық мүмкіндіктерді, инновацияларды, жасанды интеллект пен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, өңірлік байланыс пен тұрақты дамуды, сауда және экономикалық ынтымақтастықты талқылайтын ең маңызды аймақтық экономикалық және коммуникациялық алаңдардың бірі.

Бірқатар компаниялардың өкілдерімен кездесулер барысында қазақ дипломаты Орталық Азиядағы жетекші экономикалық орталық және сенімді серіктес ретіндегі Қазақстанның стратегиялық артықшылықтарын атап өтті. Ол еліміздің Еуропа мен Азияны байланыстыратын Орта дәліз секілді бастамалар арқылы транзиттік және логистикалық көпір ретіндегі географиялық орналасуына, инвестициялық ахуалды жақсартуға және шетелдік капитал тартуға бағытталған ауқымды реформаларға, сондай-ақ жоғары технологиялық салалар мен цифрлық трансформацияның дамуына назар аударды.

Өз сөзінде Елші Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, озық шешімдерді енгізуге және жоғары білікті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Қазақстан жасанды интеллектті өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына, көлік саласына және мемлекеттік қызметтерге енгізуге ниетті.

Сонымен қатар Д.Батырашев «Alatau City» интеллектуалды қаласының құрылысы жобасы туралы ақпарат беріп, оның IT-компаниялар, зерттеу институттары мен халықаралық корпорациялар үшін орталық хабқа айналатынын атап өтті және хорватиялық әрі еуропалық серіктестерді осы жобаға қатысу мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды.

Форум аясында Елші Ровинь қаласының әкімі Эмиль Нимчевичпен және Пула қаласының әкімі Педо Грбинмен де кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында Қазақстан мен Хорватия өңірлері арасындағы туризм мен мәдени алмасу, білім беру, қалалық басқару және тұрақты даму салаларындағы ынтымақтастықтың, сондай-ақ экономикалық байланыстарды жандандырудың перспективалары талқыланды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -