Қазақстан зияткерлік меншікті қорғау саласындағы құқық қолдану тәжірибесімен бөлісті

891
Фотосурет: Gov

2025 жылғы 6–7 қазанда Беларусь Республикасының Минск қаласында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің заңнамасын үйлестіру, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған «Антиконтрафакт» атты XIII Халықаралық форум өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің делегациясы аралас форматта (қатыса және қашықтан) қатысты.

Форумның алғашқы күні Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы Шолпан Әбдіреева цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жағдайында зияткерлік меншікті қорғаудың заманауи тәсілдеріне арналған пікірталас сессиясында сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Қазақстанның құқықтарды қорғау тетіктерін жетілдіруге, құқық қолдану тиімділігін арттыруға және зияткерлік меншік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға басымдық беріп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдарына арналған бірыңғай цифрлық платформаны әзірлеуді қоса алғанда, құқықтарды басқару жүйесін цифрландыру саласындағы ұлттық бастамалар туралы айтты.

Қостанай облысы Әділет департаментінің басшысы Әлия Аманжолова ЕАЭО елдерінде азық-түлік қауіпсіздігі және өсімдіктерді қорғау құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған пікірталас сессиясында баяндама жасады. Өз сөзінде ол Қазақстан Республикасының құқық қолдану тәжірибесін таныстырып, контрафакт өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы күрестегі ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

Форумның екінші күні қазақстандық делегация мүшелері «Қазіргі әлемдегі зияткерлік меншік: уақыт сыны және даму перспективалары» атты V Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық отырысына қатысты. Онда зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру және өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Форум қорытындысы бойынша ЕАЭО елдерінде өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл шараларын және зияткерлік меншік саласындағы ұлттық заңнамаларды әрі қарай жақындастыруды көздейтін қорытынды декларация қабылданды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -