Аида Балаева Третьяков галереясында қазақ өнерінің жауһарларын таныстырды

1815
Фотосурет: Gov

Мәскеудің Третьяков галереясында Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі әзірлеген «Қазақстан өнерінің жауһарлары» атты көрме ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шара Ресей Федерациясында Қазақстан Республикасының мәдени күндері аясында өтіп жатыр. Салтанатты рәсімге ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған қазақстандық делегация қатысты.

«Ресейдегі Қазақстанның мәдени күндері – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды кезеңі, үздіксіз дипломатиялық диалогтың жемісі. Бұл ауқымды жоба Мәскеудің жетекші мәдениет алаңдарын қамтып, Қазақстанның заманауи мәдени жетістіктерінің кең палитрасын – театр мен музыкадан бастап, кино және бейнелеу өнеріне дейін ұсынады. Кейінгі 34 жылда Мәскеуде қазақ суретшілерінің көрмесі алғаш рет өтіп отыр. Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің картиналары «Крымский вал» галереясында ең соңғы рет 1991 жылдың тамызында қойылған еді. Сондықтан бүгінгі экспозицияны біз Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы жарқын оқиға әрі жаңа белес деп бағалаймыз» Аида Балаева

Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің «Қазақстан өнерінің жауһарлары» көрмесі XX ғасырдағы талантты шеберлердің 60-тан астам кескіндеме және мүсін туындыларын қамтиды.

Ұлттық бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуы Әбілхан Қастеевтің есімімен тығыз байланысты. Оның туындылары өткен ғасырдың басында көшпенділер өміріндегі қарқынды өзгерістерін бейнелейтін көркем шежіреге айналды.

Көрме 23 қарашаға дейін жалғасады. Көрмеге келушілер белгілі қазақстандық мүсіншілер Төлеген Досмағамбетов, Еркін Мергенов, Ольга Прокопьева және Ескен Сергебаевтың еңбектерімен таныса алады. Бұл туындылар қазақ мүсін өнерінің тұтас бір буынының шығармашылық ізденістері мен көркемдік ұстанымдарын айқын көрсетеді.

10-13 қазан аралығында қазақстандық және шетелдік көрерменінің көңілінен шыққан «Время патриотов», «Тоқта, түн!», «Дос-Мұқасан», «1941 жылдың жазы», «90+1» фильмдері мен «Алтын адам» мультфильмін көре алады.
Барлық фильм қазақ және орыс тілдерінде көрсетіледі.

Ресейлік көрермен үшін 13 қазан күні Кіші театр сахнасында «Парасат майданы» спектаклі қойылады. Қойылым – заманауи адамның рухани ізденістері мен ішкі әлемін суреттейтін психологиялық драма. Қазақ әдебиетінің классигі Төлен Әбдік шығармалары негізінде сахналанған. Спектакльді Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының актерлері сахналайды.

Ресейдегі Қазақстанның мәдени күндері қараша айында қазақстандық өнерпаздардың гала-концертімен қорытындыланады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -