Қазақстанда Орталық Азия жастарына арналған алғашқы Халықаралық ядролық эко-лагерь өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Эко-лагерь «Impact Team 2050» Халықаралық жастар консультациялық кеңесінің «Орталық Азия үшін атом энергиясы» жобасының негізгі іс-шарасына айналды. Жобаның мақсаты - өңірдің жас мамандарын ядролық ғылым мен технологиялар саласына тарту.
«Болашақ энергиясы» атты Халықаралық ядролық эко-лагерь Алматыда өтіп, орталықазиялық өңірдің бейінді жоғары оқу орындарының 50 студентін, жас белсенділерді, ядролық ғылым өкілдерін, сондай-ақ энергетика, медицина, климат және экология салаларының мамандарын біріктірді. Екі күн бойы қатысушылар энергетика, климат, экология және орнықты даму мәселелерін талқылап, бейбіт атомды энергетикадан тыс қолданудың кең мүмкіндіктерімен танысты.
МАГАТЭ (Халықаралық атом энергиясы агенттігі) Ядролық энергетика жөніндегі бас басшысының орынбасары Михаил Чудаков қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде Орталық Азия жастары үшін мұндай жобаларға қатысу - болашақты қалыптастыратын жаһандық қауымдастықтың бір бөлігі болуға мүмкіндік беретінін атап өтті:
«Ядролық эко-лагерь – бұл тек дәрістер мен кездесулер емес, бұл жерде командалар, идеялар және болашақ жобалар дүниеге келеді. Уақытты барынша тиімді пайдалана отырып, бәлкім дәл осы жерде, Алматыда, сіздердің өңірдің болашағын өзгертіп, Орталық Азияны бүкіл әлем үшін орнықты дамудың үлгісіне айналдыратын жолдарыңыз басталатын шығар. Атом энергиясы өздеріңіз жасайтын таза, әділ әрі орнықты болашақтың символына айналсын», - деді ол.
Жобаның жетекшісі және Impact Team 2050 Халықаралық жастар кеңесінің мүшесі Диана Гамазова лагерьдің мақсаты – ғылымды, білімді және экологиялық жауапкершілікті ұштастыру екенін атап өтті:
«Біз атомның – технологиялар адамзат игілігіне қызмет ететін болашақтың бір бөлігі екенін көрсеткіміз келеді. Өңірдің жастары бақылаушы болып қалмай, өз елдерінің орнықты болашағы үшін нақты шешімдер жасап, әрекет етуі тиіс».
New Nuclear Watch Institute Консультациялық кеңесінің төрағасы Бауржан Ибраев ядролық энергетиканы дамыту Қазақстан мен көршілес елдер үшін стратегиялық бағытқа айналып отырғанын айтты:
«Орталық Азия уранның бірегей қорына және қуатты кадрлық әлеуетке ие. Бұл ресурсты жауапкершілікпен пайдалану маңызды. “Росатоммен” ынтымақтастық - бұл құзыреттілік, қауіпсіздік және орнықты технологиялық даму таңдауы».
Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Атом энергиясы агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев елде салынып жатқан атом электр станциясы өңір үшін үлгі болатынын айтты:
«Біздің басты міндетіміз – халық пен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қойылатын барлық халықаралық стандарттарға сай келетін, экономикалық тұрғыдан тиімді әрі орнықты атомдық жүйе құру», - деді ол.
Ахмедхаджаевтың айтуынша, “Росатомның” интеграцияланған АЭС жобасы – екі шағын модульдік және екі ірі реактордан тұратын кешен, бұл табиғи газ тұтынуды айтарлықтай қысқартып, республиканың энергетикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
ҚР Ұлттық ядролық орталығы (ҚР ҰЯО) Бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары, профессор Владимир Витюк радиациялық қауіпсіздік пен пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеу саласындағы ғылыми әзірлемелерді таныстырып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру атом саласына қоғам сенімінің негізгі факторы екенін ерекше атап өтті.
Лагерьдің негізгі бағдарламасы атомдық технологиялар - тек энергия көзі ғана емес, қазіргі өмірдің ажырамас бөлігі деген идеяға құрылды: медицина мен ауыл шаруашылығынан бастап, экологиялық мониторингке және биоалуантүрлілікті қорғауға дейін.
Бейбіт атом бүгінде өмір сапасын жақсартуға үлес қосып, ғылыми жетістіктерді тәжірибеге енгізудің пәрменді құралына айналып отыр. Эко-лагерьдің бейресми ұраны - «Атом - бұл жауынгер емес, ғалым» - ядролық технологиялардың ғылым, прогресс және тұрақтылық жолындағы рөлін айқындады.
Беларусь Ұлттық ғылым академиясының (ҰҒА) Коммерцияландыру бөлімі меңгерушісі Александр Зайцев ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану бағыттары туралы айтып берді. Оның айтуынша, «бейбіт атом» медицинада, экологияда және өнеркәсіпте белсенді қолданылып, диагностикалық, зерттеу және инженерлік шешімдердің дамуына серпін беріп отыр.
Беларусь ҰҒА Микробиология институтының ғылыми қызметкері Анна Барейка биомедицина саласындағы жаңалықтармен бөлісіп, иондаушы сәулеленудің медициналық материалдарды зарарсыздандыру және жаңа дәрі-дәрмектер әзірлеуде бұрыннан қолданылып келе жатқанын атап өтті.
Бағдарламаның қорытындысында Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (World Nuclear Association) Бас директоры Сама Бильбао-и-Леон қатысушыларға үндеу жасады. Атом энергетикасы саласындағы жетекші әлемдік сарапшылардың бірі ретінде ол жастардың жаһандық энергетикалық күн тәртібін қалыптастырудағы рөлін атап өтіп, келесі ойды жеткізді:
«Әлемге даму, ілгерілеу және өмір сапасын арттыру үшін тәулік бойы (24/7) қолжетімді таза энергия көзі қажет. Қазір – барлығымыз және әлемдегі әріптестеріміз күш біріктіріп, кем дегенде жаһандық ядролық қуатты үш есе арттыруға қол жеткізуіміз керек сәт».
Халықаралық ядролық эко-лагерьдің басты қорытындысы - ядролық энергетика тек Орталық Азия үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де болашақтың энергиясы деген ортақ пікір. Бұл болашақты тұтас елдердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шешімдер қабылдайтын жас мамандар қалыптастырады.
Диана Гамазованың «Орталық Азия үшін атом энергиясы» жобасы «Росатом» мемлекеттік корпорациясының Бас директоры жанындағы Impact Team 2050 Халықаралық жастар консультациялық кеңесінің аясында жүзеге асырылады. Жоба жастарды ядролық ғылым мен технологияларға тартуға бағытталған бірқатар іс-шараларды қамтиды.