Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев 2025 жылғы 15 қазанда өз қызметіне кіріскен Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Рамиль Гасанмен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесу барысында тараптар Ассамблея аясындағы ынтымақтастық мәселелерін және биылғы 7 қазанда Габала қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 12-ші саммитінің қорытындыларын талқылады.
Е.Көшербаев Габала саммитінің нәтижелері ТүркПА аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстанның түркі ынтымақтастығының парламенттік өлшемін нығайтуға зор мән беретінін атап өтті.
«ТүркПА бүгінде түркі интеграциясы жүйесінде ерекше орын алады, ол мемлекеттеріміз арасындағы парламентаралық диалогты және заң шығару бастамаларын үйлестіруге арналған маңызды алаң», – деді Министр.
Өз кезегінде Р.Гасан биылғы жылы ТүркПА-да төрағалықты Қазақстан атқарып отырғанын атап өтіп, Ассамблеяның қазіргі қызметі мен оны одан әрі дамыту жөніндегі жоспарларымен бөлісті.
ТүркПА – түркітілдес мемлекеттердің парламенттік бірлестігі. Ол 2008 жылғы 21 қарашада Қазақстанның бастамасымен құрылды. Ұйымның мүшелері – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия.
Төрағалық ету жыл сайын ағылшын әліпбиі тәртібі бойынша елдер арасында ротация негізінде жүзеге асырылады. 2025 жылғы 12 маусымда Астанада өткен ТүркПА-ның XIV пленарлық отырысы барысында төрағалық Әзербайжаннан Қазақстанға өтті.