Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин таеквондодан әлем чемпионаты өтіп жатқан Қытайдың Уси қаласына барды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сапар барысында ол World Taekwondo федерациясының президенті Чунгвон Чомен кездесті. ҰОК президенті оны ұйым басшысы болып қайта сайлануымен құттықтап, әлем чемпионатына шақырғаны үшін алғыс білдірді.
Кездесуде тараптар Қазақстандағы таеквондоны дамыту мәселелерін және 2027 жылы елімізде өтетін әлем чемпионатын ұйымдастырудың егжей-тегжейін талқылады.

Бұдан бөлек, ҰОК президенті Қазақстан құрамасымен жүздесті. Бейресми жағдайда спортшылар және бапкерлер құрамымен сөйлесіп, қолдау білдіріп, командаға әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, жоғары нәтиже көрсетуге тілек білдірді.
Айта кетейік, 2025 жылғы әлем чемпионаты 24 қазанда басталып, 30 қазанға дейін жалғасады. Дүниежүзілік додада Қазақстан атынан 16 спортшы өнер көрсетуде.