IATA тұрақты даму бойынша Integrated Sustainability Program кешенді бағдарламаны іске қосты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) Integrated Sustainability Program (ISP) атты жаңа сертификаттау бағдарламасын таныстырды. Бағдарлама әуе компанияларына тұрақты дамуды жүйелі түрде басқаруға мүмкіндік беруге бағытталған. Таныстырылым World Sustainability Symposium (WSS) аясында Гонконгте өтті.
ISP бағдарламасы әуе компаниялары мен әлемдік авиация саласының серіктестерімен бірлесіп әзірленді. Олардың қатарында Air Astana әуе компаниясы да болды. Компания бағдарлама стандарттарын сынақтан өткізу және жетілдіру кезеңінде өз үлесін қосты.
Air Astana-мен қатар бағдарламаны дамытуға Air Canada, Air New Zealand, Emirates, Finnair, EVA Air, Qatar Airways, Air Serbia, ANA, Gulf Air Group, IAG, Kenya Airways, Malaysia Airlines және Airbus компаниялары қатысты.

ISP әуе компанияларына тұрақты даму бастамаларын басқару мен тиімділігін бағалаудың кешенді құрылымын ұсынады. Бағдарлама IATA Environmental Assessment (IEnvA) табысты жүйесінің негізінде әзірленіп, төрт негізгі модульден тұрады:
- Экологиялық басқару (Environmental Management) — ISO 14001:2015 қағидаттарына негізделген, қалдықтарды, су пайдалануын, шуды және биоәртүрлілікті жүйелі түрде бақылауды қамтамасыз ететін IEnvA интеграциясын қамтиды.
- Тұрақты сатып алу (Sustainable Procurement) — авиация саласында алғаш рет ISO 20400:2017 стандарттары енгізіліп, жеткізу тізбектері мен сатып алу тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік береді.
- Әлеуметтік жауапкершілік (Social Responsibility) — ISO 26000:2010, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі қағидаттары және ЭЫДҰ нұсқаулықтарын біріктіре отырып, компанияларға адам құқықтары мен қоғаммен өзара әрекеттесуде due diligence жүргізуге көмектеседі.
- Тұрақтылық көрсеткіштерін бағалау (Sustainability Performance) — ESG көрсеткіштерін бақылауға және есептіліктің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сертификаттау жекелеген модульдер бойынша немесе толық интеграцияланған бағдарлама ретінде өтуге болады. Қайта сертификаттау әр екі жыл сайын тәуелсіз аудит негізінде жүргізіледі.
«ISP бағдарламасы әуе компанияның тұрақты даму саласындағы бастамаларын ең жоғары деңгейде басқаруын растайды. Ол экологиялық, әлеуметтік және басқару аспектілерді біріктіріп, реттеушілерден бастап клиенттерге дейін барлық тараптар үшін ашықтықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бағдарлама саланың ерекшеліктеріне бейімделген және шешім қабылдауда үздік әлемдік стандарттарға сүйенуге көмектеседі», — деді IATA-ның тұрақты даму жөніндегі аға вице-президенті және бас экономисті Мари Оуэнс Томсен.
WSS симпозиумында Air New Zealand және EVA Air компаниялары тұрақты сатып алу модулі бойынша сертификат алған алғашқы әуе компаниялардың бірі болғанын хабарлайды.