«Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан мен Канада: цифрлық серіктестік және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған негізгі басымдықтарды іске асыру және Канадамен цифрландыру саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын іздестіру мақсатында ұйымдастырылды.
Қазақстанның Канададағы Елшісі Дәулетбек Құсайынов өз сөзінде еліміздің жасанды интеллектті дамыту саласындағы негізгі басымдықтары мен Үкімет жүргізіп жатқан технологиялық жаңғырту жұмыстары туралы хабардар етті. Атап айтқанда, қатысушыларға Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің, «Alem.AI» халықаралық орталығының құрылуы, телекоммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіру және «Astana Hub» технопаркінің қызметі жөнінде ақпарат берілді.

Канададағы IT-компаниялардың өкілдері Қазақстанның жасанды интеллект пен жоғары технологиялар саласындағы саясатын жоғары бағалап, оны прагматикалық деп атады. Олардың пікірінше, бұл бағытта алдын ала қадам жасаған мемлекеттер технологиялық прогрестің алдыңғы қатарында болады. Осы тұрғыда «DMZ» инкубаторы қазақстандық технопарктермен серіктестік орнатуды ұсынса, «TELUS» корпорациясы ауыл шаруашылығында жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша табысты тәжірибесімен бөлісті, соның ішінде «KazBeef» кәсіпорнындағы пилоттық жоба мысалында.
Канадалық тарап Қазақстанға жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға арналған алдағы халықаралық бастамалар мен іс-шараларға қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Жалпы, дөңгелек үстелдің қорытындылары Астана мен Оттаваның цифрлық даму саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға өзара мүдделілігін растады. Қазақстан стратегиясының бағыттары Канада саясатының негізгі қағидаттарымен үндес келетіні көрсетілді, бұл екі ел арасында технологиялар мен тәжірибе алмасу үшін кең мүмкіндіктер ашатынын аталып өтті.
Канаданың өзінде жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін 20 мемлекеттік зертханасы, 75 инкубаторы мен акселераторы, 60 инвестициялық тобы және 850-ден астам стартапы бар. 2013 жылдан бері Канада Үкіметі жасанды интеллект индустриясына 9 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Жасанды интеллекттің даму көрсеткіштері бойынша Канада әлемдегі үздік 5 елдің қатарына кіреді (АҚШ, Қытай, Ұлыбритания және Сингапурдан кейін).