Қазақстан Елшісі Ержан Қыстафин Хайбер-Пахтунхва провинциясына жұмыс сапарымен барып, Ғұлам Исхақ хан атындағы инженерлік ғылымдар және технологиялар институтының (GIKI) басшылығымен, профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесу өткізді.

Кездесу аясында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамыту болашақ жоспарларын талқылап, GIKI-дің бірқатар Қазақстан университеттермен («Нархоз», «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ», «Назарбаев университет» және «Астана IT университеті») байланысының артып келе жатқанын, сондай-ақ алдағы жоспарлар мен іс-шараларды қанағаттанушылықпен атап өтті.
Студенттер алдында сөз сөйлегенде Елші Қазақстан-Пәкістан екіжақты ынтымақтастығының ағымдағы күн тәртібі, жоспарланған сапарлар мен оның ішінде білім беру саласындағы жобалар туралы айтып берді.

Сол күні Елші Пешавар қаласының Сауда-өнеркәсіп Палатасының басшылығымен және мүшелерімен келіссөздер жүргізді. Қазақстан мен Пәкістанның іскер топтарының қатысуымен өткен және жоспарланған іс-шаралар туралы айтып берді. Көлік-логистикалық дәліздерді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударып, екі елдің көлік ведомстволары жүргізіп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Елші аталған провинция кәсіпкерлерін ҚР-ға келуге және Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы сауда және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі арттыру және әртараптандыру үшін алдағы іскерлік форумдарға белсенді қатысуға шақырды.