Қазақстанның экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері Моңғолияда таныстырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінде еліміздің экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған семинар өтті.

Іс-шараның мақсаты Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, сондай-ақ моңғол іскер топтарын Қазақстандағы бизнес жүргізу жағдайлары, мемлекеттік қолдау шаралары және қазақстандық нарықта жұмыс істеудің артықшылықтарымен таныстыру болды.

Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов қатысушыларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтары, соның ішінде ауыл шаруашылығы, көлік-логистика инфрақұрылымы және туризм салаларындағы мүмкіндіктерімен таныстырды. Сондай-ақ Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуеті, индустриялық аймақтар және тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат берілді.

Семинарға Моңғолияның Сауда-өнеркәсіп палатасының, салалық қауымдастықтардың және бірқатар моңғол компанияларының басшылары мен өкілдері қатысты. Олар қазақстандық әріптестермен өзара іс-қимылды дамытуға, ең алдымен логистика мен транзит, агроөнеркәсіп кешені, тау-кен өнеркәсібі, сауда және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру салаларында мүдделілік танытты.
Іс-шара соңында сұрақ-жауап сессиясы өтіп, тараптар ықтимал ынтымақтастықтың практикалық тетіктерін талқылап, одан арғы жұмыс байланыстарын қолдап отыруға уағдаласты.