ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бастаған делегация БАӘ-де өткен «ADIPEC-2025» халықаралық энергетикалық форумында бірқатар стратегиялық келіссөздерді аяқтап, мұнай-газ және «жасыл» энергетика салаларындағы маңызды жобалар бойынша әлемдік жетекші компаниялармен ынтымақтастықты нығайтты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Форум аясында Қазақстанның негізгі инвесторлары болып табылатын бірқатар жетекші халықаралық энергетикалық компаниялардың басшылығымен кездесулер өтті. Келіссөздер барысында ірі мұнай-газ жобаларын тұрақты жүзеге асыру, газ өңдеу зауыттарын салу және көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Жаңартылатын энергия көздері саласында министр осы бағыттағы әлемдегі жетекші компаниялардың бірі «Masdar» басшылығымен қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жөніндегі бірлескен жобаның іске асу барысын талқылады.

Форумның негізгі оқиғаларының бірі – энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мәселелеріне арналған энергетика министрлерінің дөңгелек үстеліне Ерлан Ақкенженовтің қатысуы болды.
«Стратегиялық әріптестік – бұл болашақ энергетикасының іргетасы. Әр ел өзінің тұрақтылығын сақтап, өңірлер өзара сенім мен ынтымақтастық арқылы дамуы тиіс. Қазақстан энергетика саласында терең өзгерістер кезеңінен өтуде. Біз сенімді, икемді және заманауи жүйе қалыптастырып жатырмыз», — деді министр өз сөзінде.

Сапар қорытындысы бойынша қолданыстағы келісімдер нығайтылып, Қазақстанның жаһандық энергетикалық аренадағы сенімді әрі маңызды ойыншы ретіндегі рөлін бекітетін жаңа ынтымақтастық бағыттары айқындалды.