Бейжіңде құрылыс саласының одан әрі дамуы мәселелеріне арналған «Қытай — Орталық Азия» министрлік конференциясы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Конференцияға Қытай Халық Республикасының Тұрғын үй, қалалық және ауылдық құрылыс министрі Ни Хун төрағалық етті, оған ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің құрылыс саласына жауапты министрлері мен вице-министрлері, дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференция ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға, жаңа қалаларды дамыту мен қалалық ортаны жаңартуға, сондай-ақ құрылыс саласын индустрияландыру, цифрландыру және экологияландыруды ілгерілетуге арналды.

Конференция барысында Қуандық Қажкенов Қазақстанда жүргізіліп жатқан құрылыс саласының цифрлық трансформациясы туралы баяндама жасап, бұл сектордың ел экономикасында маңызды рөл атқаратынын, жалпы ішкі өнімнің шамамен 6%-ын құрайтынын атап өтті.

«Бүгінде біз құрылыс объектілерінің өмірлік циклының барлық кезеңдерін — жоспарлаудан бастап пайдалануға беруге дейін — қамтитын бірыңғай цифрлық экожүйені қалыптастыруға бағытталған ауқымды цифрлық трансформацияны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл процестердің ашықтығын, сапасын және тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деді Қуандық Қажкенов.
Конференция аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов пен ҚХР Тұрғын үй және қала құрылысы вице-министрі Чэнь Шаован арасында екіжақты кездесу өтті.
Кездесуде тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және урбанистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Әсіресе, саланы цифрландыруға, энергия үнемдейтін шешімдерді енгізуге және қала құрылысы жоспарлауындағы инновациялық тәсілдерді дамытуға ерекше назар аударылды.
«Біз Қытайды құрылыс индустриясы мен урбанистика саласындағы стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Ортақ күш-жігеріміз инфрақұрылымды жаңғыртып, жайлы әрі тұрақты болашақ қалаларын қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Қуандық Қажкенов.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды белсенді жалғастыруға және тұрақты даму, технологиялармен алмасу және құрылыс сапасын арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды дамытуға ниетті екенін растады.