Жапонияның цифрландыру министрі Қазақстандағы цифрлық трансформация үдерісін жоғары бағалады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапонияның цифрландыру министрі Хисаши Мацумотомен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы цифрландыру, жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және инновациялық технологияларды енгізу саласындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету перспективаларын талқылады.
Елші Е.Баударбек-Қожатаев жапон тарапына ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2025 жылғы қыркүйектегі жолдауында айқындалған Қазақстанның цифрлық күн тәртібінің негізгі бағыттары туралы хабардар етіп, ұлттық экономика мен мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың негізгі факторлары ретінде жасанды интеллектті, үлкен деректер мен білім экономикасын дамытуға ерекше мән берілуде екеніне тоқталды.
Бұған қоса, Қазақстан цифрлық мемлекет, «ақылды» қалалар және әлеуметтік-экономикалық салаға озық цифрлық шешімдерді енгізу саласындағы бастамаларды белсенді ілгерілету арқылы өзінің цифрлық инновациялардың өңірлік орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтуда екені аталып өтті.
Министр Х.Мацумото елдің заманауи экожүйені қалыптастыру қадамдарының жаһандық үрдістерге сай келетінін және Жапониямен өзара тиімді ынтымақтастыққа үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынына тоқталып, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан цифрлық трансформация қарқынын жоғары бағалады.
Тараптар цифрландыру саласындағы практикалық өзара іс-қимылды, оның ішінде кәсіби кадрларды даярлау, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу сияқты бағыттар бойынша одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша сындарлы диалогты жалғастыру және Қазақстан мен Жапонияның цифрлық трансформация және инновациялық даму саласындағы серіктестігін нығайтуға бағытталған нақты бастамаларды әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.